KZ
Өскемен
туман жел 3 м/с, ОБ
495.2 522.34 4.94

Жерлестері Әлем кубогы үшін жарыстың жеңімпазына қошемет көрсетті 

30.10.2024, 10:30 86 Төлеуғазы Жансая

 

 

Ажар Төлеуқанова дәстүрлі садақ атудан өткен әйелдер арасындағы Әлем кубогы үшін жарыстың жеңімпазы атанды. «Dala mergeni» деп аталған байрақты бәсеке Шымкент қаласында ұйымдастырылғанын айту керек, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгін дүбірлі додада ел абыройын асқақтатқан жерлесіміз елге оралды. Өскемен әуежайына келіп қонған бойда спортшы қызды жанкүйерлері мен туыстары қарсы алып, сужаңа чемпионның құшағын гүлге толтырды.
Айта кетейік, еліміздің күңгейінде өткен халықаралық жарыста шығысқазақстандық ару 60 метрден «Пута» нысанасын көздеп ату сайысында бақ сынаған болатын. Аса тартысты өткен сайыстың шешуші кезеңдіне жерлесіміз Қырғызстан мен Ресейден келген азулы қарсыластарынан басым түсе білді. Сөйтті де, өз мансабындағы ең айтулы жеңісін тойлады.
Естеріңізге сала кетейік, Ажар Төлеуқанова биыл Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына да қатысып, ол додада күміс жүлдеге ие болған еді. Енді міне, көптен күткен алтынға да қол жеткізді.
Елге оралған бойда бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат берген Ажар қуанышын жасыра алмады.

– Бұл менің көптен күткен алтыным деп айта аламын. Себебі, мұндай биікке көтерілу үшін көп еңбектенуге тура келді. Енді сол табан ет, маңдай тердің өтеуін көріп отырмын. Әлем кубогындағы қарсыластарым өте мықты болды. Финалдық кезеңге екі қазақ қызы, сондай-ақ ресейлік және қырғызстандық спортшылар шықты. Бәрі де жеңіске лайық болды. Дегенмен, бұл жолы алтын маған бұйырды. Төбем көкке бір елі жетпей тұрғанын жасырмаймын. Өте қуаныштымын. Осы ретте мені қолдаған барлық жанкүйеріме, жақындарыма зор алғыс айтқым келеді. Туған жердің көмегі арқылы жеңіске жеттім деп санаймын. Бұл – бәрімізге ортақ жеңіс, – деді Ажардың өзі.

Жерлесіміздің бұл спорт түріне ден қойғанына алты жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығында жеткен жетістігі аз емес. Дегенмен, 2024 жыл оның спорттық мансабындағы ең айтулы жыл болғаны сөзсіз. Жоғарыда жазғанымыздай, шығысқазақстандық бұрымды алдымен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында күміс медаль жеңіп алса, артынша Әлем кубогы үшін жарыста алтыннан алқа тақты.
Шымкенттегі дода туралы аз-кем айта кетсек, бұл жолғы Әлем кубогы үшін бәсекеге 13 елдің мықтылары қатысты. Атап айтсақ, бұл жолғы додада Таиланд, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Франция, Әзірбайжан, Иран, Моңғолия, Тәжікстан, Түркия, АҚШ, Үндістан мен Қазақстан спортшылар, барлығы 108 мерген сынға түскен.


Нұржан Кенжеұлы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу