Абайлаңыз, көктайғақ!
Соңғы күндері толассыз жауған қардың арты жаңбырға ұласып, дауылды желмен аяқталды. Жылымық пен қатқақтың кезектесуінен жолдарда көктайғақ орын алып отыр.
Мұндайда алаңсыз адымдау қатерлі болмақ. Әсіресе, мұзға құрсалған баспалдақтар мен айнадай жарқырап жатқан аялдамалардың аумағында аса абай болған жөн. Тежегішті игере алмай, тайғақ жолда дөңгелегі тайып кетіп жататындардың легі де осындай кездерге түседі.
Осыған орай коммуналды кәсіпорын «Өскемен-Тәртіп» тиісті шараларды атқарып жатырмыз деп хабарлайды.
-Кеше таңертеңнен бастап кешке дейін бес техникамен көшелерге, жолдарға құм себу жұмыстары жүргізілді, - дейді кәсіпорынның баспасөз хатшысы Әсел Ахметжанова. – Бірақ оның қажеті шамалы болды, себебі қар еріп, жаңбыр жауып, шайып кетіп тұрған болатын. Көшелердегі суағар бөліктер кеше іске қосылды. Бұл шаралар түнде де жүрді, көшелерден қар шығарылып, құм себу жұмыстары жалғасты. Бүгін де сол қалыпта жұмыс істейміз.
Демек, көшедегі, жолдардағы тазалық және қауіпсіздік жұмыстары қолға алынған екен. Бір-екі күнде ауа-райының қытымыр мінезінің салдарынан арыламыз деп үміттенейік.
Ал әзірше әр тұрғын өзінің жеке басының қауіпсіздігіне жауапты болғаны жөн. Кез-келген табиғи факторға төтеп беруге болатыны белгілі. «Сүріндім. Құладым. Көзімді ашсам — гипс» деген орыс халқында айтылатын сөздің орайын келтірмес үшін әр адам дұрыс, сауатты әрекет етуі керек. Осы ретте көктайғақтағы қарапайым қауіпсіздік шараларымен таныстырып өтейік.
Мұндай кездері жолға ыңғайлы аяқ киіммен шыққан дұрыс. Аяқ киімнің табаны микрокеуекті, резеңкелі немесе жұмсақ болу керек. Былғары, пластик табандар аса тайғақ болады. Немесе өкшеге поролонның қимасын немесе лейкопластырь, ал табанға – лейкопластырь немесе қатпарлы изолента, зімпара қағазын (барлық табанға, айқастырып немесе бірінің үстіне бірін) жапсыруға болады. Сондай-ақ, үйден шығар алдында құмға үйкелеп алудың да пайдасы бар.
Көктайғақта жүріске де аса мән берген абзал. Нық басып, асықпай жүруге тырысыңыздар. Қолыңыз мүмкіндігінше бос болсын. Асығып жүру қауіпті екенін есте сақтаңыздар. Жүргін жолдарда ерекше абай болу керек. Қарт адамдар үйден шыққан кезде ұшы резеңкелі немесе тікенектері бар таяқ ұстағандары дұрыс.
Қауіпсіздік шараларында «дұрыс құлау» деген түсінік те бар. Мамандардың айтуынша, құлаған кезде бұлшық еттерді ширықтырып, міндетті түрде домалап түсуге тырысу керек: сізге бағытталған соққының энергиясы домалауға жұмсалады екен.