Өскеменге келді қарлы көктем...
Қыс мезгілінің соңғы күні ерекше қарлы болды. Көктемнің басында жауып қалған мұндай мөлшердегі қар қыстың үш айында да болмаған тәрізді. Күні бойы толассыз жауған қардың соңы көктемгі жаңбырға ұласып, жұртты әбігерге салды. Ауа-райының күрт өзгерген мінезінен жауапты мекеме «Өскемен-Тәртіптің» жұмысы кеше қарқынды жүрген екен.
Айта кетсек, қар 28 ақпан күні сағат 10:00 шамаларында қапалақтап бастаған еді. Жолдарды тазартуға бірден 21 бірлік техника жұмылдырылды. Сәл кейінірек оған тағы 44 бірлік қосылды. Қардан тазарту жұмыстары қаланың барлық аудандарында бір уақытта жүргізіліп жатты.
-Барлығы 65 бірлік техника, - дейді «Өскемен-Тәртіп» коммуналды кәсіпорынның баспасөз хатшысы Әсел Ахметжанова. – Сондай-ақ, 50 бірлікке жуық мердігерлер тартылды. Қар тазалау жұмыстарына мердігерлерді қоса алғанда 150-ден астам адам қатысып отыр.
Коммуналды кәсіпорын мен мердігер ұйымдардың қызметкерлері түні бойы таң атқанша жұмыс істеген. Түнгі сағат екілерге қарай ауа-райының эстафетасын қарлы жаңбыр іліп әкетіп, жолдарды көктайғаққа айналдырып жіберді. Сондықтан қарды тазалаумен қатар жолдардағы бұдырлар тегістеліп, құм себіліп отырған. Кешегі күн бойынша қала көшелерінен барлығы 1200 текше метр қар шығарылыпты.
-Қала ішінде әлі тазаланып үлгермеген жерлер бар болса, бүгін олар толық аяқталады. Жұмыс жалғасып жатыр, - деді Әсел Ахметжанова. – Біз тұрғындардан автокөліктерін көше бойында қалдырмауларын сұраймыз. Бұл қар тазалау жұмыстарына кедергі жасайды.
Сонымен қатар, «Өскемен-Тәртіп» баспасөз хатшысының айтуынша, адамдар қандай да бір тазаланбай қалған аудандардан хабарласып, жиі шағымданады. Осыған қатысты кәсіпорын қаланың кейбір аудандарына мердігер ұйымдардың жауапты екенін хабарлайды. Мысалы, Стрелка, Аблакетка, Куленовка және т.б. Демек бұл аудандарға жауапты мердігерлерге тікелей хабарласқан жөн болар.
[su_slider source="media: 24817,24818,24819,24820,24821,24822,24823,24824"]
Түнгі қаладағы фотосуреттер мен бейнематериал "Өскемен-Тәртіп" коммуналдық кәсіпорыннан алынды.