KZ
Өскемен
+3°
туман жел 1 м/с, С
479.71 533.77 5.16

«Торпедо» үшін биылғы жарыс аяқталды

5.03.2018, 10:41 251

«Торпедо» Жоғары хоккей лигасы плей-офф кезеңінің ширек финалына шыға алмады. Жарыстың 1/8 финалында нефтекамскілік «Тороспен» жолы түйіскен өскемендік команда серияда 1:4 есебімен жеңіліп, биылдан бастап Петров кубогы (бұрынғы Братина кубогы) аталатын жүлдеге иелік ету мүмкіндігінен айырылды.


Қарсыластар арасындағы бесінші кездесу Өскемендегі Б.Александров атындағы спорт сарайында өткен-ді. Бұған дейін сырт айдында екі рет жеңіліс тапқан жерлестерімізге бұл ойында тек қана жеңіс қажет болатын. Сол себепті айдын иелері ойынды ширақ бастады, қарсылас қақпасына бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, есепте алға шыға жаздады. Алайда, қорғаныста аса сақ ойнаған нефтекамскілік хоккейшілер өскемендіктердің шабуылдарына тойтарыс беріп қана қоймай, өздері де Андрей Гаврилов қорғаған қақпаға қауіп төндіруді ұмытпады. Сондай шабуылдардың бірінде қақпа алдында жалғыз қалып қойған шабуылшы Артем Пименов шайбаны маңдайшаның астына бағыттап, есепті ашты. 0:1.


Таразы басын теңестіру үшін торпедолықтарға 20 минуттай уақыт қажет болды. Ойынның аяқталуына шамамен үш минут қалғанда «Торпедоның» нидерландтық легионері Майк Дальхейсен қарсылас қақпасынан саңылау тауып, спорт сарайына жиналған үш мыңға жуық жанкүйерге үміт сыйлағандай еді, алайда бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Арада бір минуттай уақыт өткенде өскемендік шабуылшы Артем Лихотниковтың айдыннан қуылуын сәтті пайдаланған қонақтар Андрей Гришиннің көмегімен тағы да есепте алға шықты. Өкінішке қарай, Мисхат Фахрутдинов шәкірттерінің екінші рет таразы басын теңестіруге шамалары да, уақыттары да жетпеді. Қорытынды есеп 1:2. Келесі кезеңге башқұртстандық команда өтті.


Осылайша, былтыр финалда өнер көрсеткен жерлестеріміз биыл үздік сегіз команданың да қатарына кірмей қалды. Естеріңізге салайық, 2016-2017 жылдарғы жарыста «Торпедо» тұрақты чемпионатта топ жарып, плей-


офф кезеңінің ақтық сынына дейін жеткен болатын. Финалда жерлестеріміз Балашиханың «Динамосына» жол берген-ді.


«Тороспен» өткен матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында «Торпедоның» бас бапкері Мисхат Фахрутдинов команданың құрамын жаңалау қажеттігін айтып қалды.


– Өкінішке қарай, бізде айдында жан алып, жан беретін, осындай сын сағатта командаластарын алға сүйрейтін батыл жігіттер аз болып тұр. Сол себепті маусымаралық үзілісте командаға жаңа ойыншыларды тартып, кейбір хоккейшімізбен қош айтысуға тура келеді. Ал келесі кезеңге нағыз мықты команда шықты деп есептеймін. «Торостың» бапкері мен ойыншыларын жеңістерімен құттықтаймын! – деп түйіндеді ойын «Торпедоның» бас бапкері.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив