KZ
Өскемен
+5°
пасмурно жел 4 м/с, ОШ
488.26 530.54 5.03

Өскеменде балалардың ойын алаңдарын жасайтын кәсіпорын бар

2.03.2018, 04:31 144

Өскемендік жеке кәсіпкер Аркадий Тарлыковтың кәсіпорнында өндірілген балалар ойын алаңқайларының жабдықтарын, атап айтсақ, сан түрлі сырғанақтарды, турниктерді, әткеншектерді қала тұрғындар аулалардан күнделікті көріп жүр.


Аталмыш кәсіпорынның өндірістік цехтарын облыс әкімі Даниал Ахметов аралап көрді. Бұл өндіріс ошағында шығарылатын өнімдердің тек облысымызда ғана емес, бүкіл елімізде баламасы жоқ. Сол себепті оларға деген сұраныс та айрықша.


«Тарлыков» жеке кәсіпкерлігі жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың плиталарын, балалар және спорт алаңдарының конструкцияларын шығарумен шұғылданады. Қалалықтардың айтуынша, Космический, Питер коммунарлары және Өтепов көшелері бойындағы былтыр абаттандырылған аулалардағы аталмыш ойын алаңқайлары балақайларға өте ұнаған көрінеді. Компания бұдан бөлек бетон бұйымдарының 50-ден астам түрін, сонымен қатар резеңке төсемелер шығарады. Айталық, жұмсақ резеңке плиталар балалардың ойын алаңдарына төселіп, бүлдіршіндерді жарақаттардан қорғайды. Өндіріс орнының аумағында металл өңдейтін ұстахана жұмыс істейді екен. Яғни кәсіпорын өндіріске қажет темір конструкцияларды өзі өндіреді.



Мұнда балалардың спорттық және ойын алаңдарына арналған құрылғылар бірлескен испан-ресей компаниясы шығаратын өнімдердің нұсқасы бойынша құрастырылады. Компания басшыларының айтуынша, олардың өнімдері сапасы жағынан артық болмаса, кем түспейді және қауіпсіздік нормалары мен талаптарына толық сай келеді.


– Заң бойынша біз өнімдерімізге үш жылдық кепілдік береміз, бірақ біздің бұйымдар үш жылдан да артық қызмет етеді. Өйткені, біз ылғал мен ыстыққа төзімді сапалы фин фанерасын, полимерлік қорғаныс қабаты бар қалың металдарды қолданамыз, ал пластик бөлшектерді Қытайдан емес, Ресейден, резеңке төсемелерге қажет желімді Германиядан алдыртамыз. Яғни, біз шикізаттан үнемдемеуге тырысамыз, сапаға мән береміз, – дейді кәсіпорын басшысы Аркадий Тарлыков.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов кәсіпорын цехтарын аралап, дайын өнім түрлерімен жіті танысты. Ол фирманың тауарларын жоғары бағалап, отандық нарықта еркін бәсекелесе алады деп атады.


 


– Наурыз айының соңында мен осында барлық қалалар мен аудандар әкімдерін алып келемін. Тауар бағасы оңтайлы болып жатса, көп тапсырыс түсуі тиіс. Тек сапаға мән беріп, ауқымды жұмысқа дайын болыңыздар. Бұрындары балалар алаңқайларында сырғанақ, әткеншектердің бәрі сапасыз темірден жасалатын, көзге де тым қораш көрінетін. Ал мына өнім тура Еуропадағыдай екен. Өзіміз де солардан кем жасай аламыз ғой, ендеше сырттан сатып алудың қажеті қанша? Өз өнімдерімізді тұтынып, өз экономикамызды қолдайық, – деп түйіндеді ойын облыс әкімі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив