KZ
Өскемен
+26°
переменная облачность жел 5 м/с, В
476.27 515.47 5.41

Юлия ГАЛЫШЕВА: «Пхенчханда да бүгінгідей толқыған жоқпын»

22.02.2018, 03:16 290

«Юлия – чемпион!», «Жарайсың, Юлия!», «Галышева – Шығыс Қазақстанның мақтанышы!». Өскемен қаласының әуежайына жиналған қалың жанкүйер Оңтүстік Корея еліндегі төртжылдықтың дүбірлі додасынан олжалы оралған жерлестері, фристайлшы Юлия Галышеваны осындай ұрандармен қарсы алды.


Шыны керек, күні ертең Пхенчханда аяқталатын қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы медальдік есепте үздік 30 елдің қатарынан табылып жатса, бұл ең алдымен осы Юлия Галышеваның арқасы болады. Рас, жарыс әлі біткен жоқ. Алда Алексей Полторанин бастаған шаңғышыларымыз қатысатын сайыстар бар. Дегенмен онда жүлдеге іліну-ілінбеуіміз неғайбыл... Ал Юлияның жетістігін шын мәнінде ерлік деуге болады. Корея жерінде фристайлдың могул түрінен өнер көрсеткен өскемендік спортшы сан алуан қиындықтарға қарамастан, әлемнің кіл мықтылары бас қосқан додада 77,40 ұпай еншілеп, қыздар арасындағы сайыстың үздік үштігін түйіндей білді. Сөйтіп, байрақты бәсекеде ел қоржынына әзірге жалғыз жүлдені салды.


Өскемен әуежайында жерлестерімен қайта қауышқан фристайлшы қыз ішкі толқынысы мен тебіренісін жасыра алмады.


– Қандай зор жетістікке жеткенімді енді ғана сезініп тұрғандаймын. Пхенчханда тұғырға көтерілген сәтте де  бүгінгідей толқымап едім. Бәлкім, бұл жерлестерімді, жақындарымды, анамды көргеннің әсері де болар, – деді қуаныштан жүзі бал-бұл жайнаған спортшының өзі.

Бұл күні Юлияны қарсы алуға облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова да келіп, саңлаққа көппен бірге қошемет көрсетті.


– Сізді және жаттықтырушыңызды облыс әкімі Даниал Ахметовтің атынан жеңісіңізбен құттықтаймын. Бұл медальдің облыс спорты үшін орны бөлек. Себебі бұған дейін бірде-бір жерлесіміз фристайлдан Олимпиада жүлдесіне ие болмаған. Алдағы уақытта да бізді жеңістеріңізбен қуанта беруіңізге тілектеспіз, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Әуежай алдына жиналған қалың жанкүйердің арасында Галышеваның әріптестері – спортшылар да болды. Юлияның анасы Светлана Галышева мен туған-туыстарын да осы жерден кездестірдік.


– Қызыма жарыс біткен соң бірден хабарластым. Екеуіміз де қуанғанымыздан айтарға сөз таппай, қиналып қалдық. Мен Юлияны құттықтаудың орнына ол мені құттықтап кетті ғой, – деп күледі Юлияның анасы Светлана Галышева.

Жалпы, Юлия Галышева 2014 жылғы Сочи Олимпиадасында да жүлдеге лайық өнер көрсеткен. Алайда төрт жыл бұрын қазылардың әділетсіз шешімі кесірінен жерлесіміз медальға қол созым жерде тоқтауға мәжбүр болған. Бұл жолы жерлесіміз ондайға жол бермеді. Жарыс жолын асқан шеберлікпен, әрі салқынқандылықпен еңсеріп, үздіктер қатарынан орын алды.


– Несін жасырайын, бір жылдары маған Канада мен Ресейдің азаматтығын алып, сол елдердің атынан өнер көрсету туралы ұсыныстар түскен болатын. Алайда мен олардың бәрінен бас тарттым. Өйткені, Отанымды қимаймын.  Қазақстанға медаль сыйлағым келді. Осы мақсатыма жетіп, жерлестерімнің сенімін ақтағаныма қуаныштымын, – дейді спортшы.

Айта кетейік, Пхенчхандағы дүбірлі дода алдында шетелдік спорт сарапшылары Олимпиадада Қазақ елінің қоржынына бір медаль түседі және оны фристайлшы Дмитрий Рейхерд әпереді, ал Галышева тағы да жүлдесіз қалады деп болжаған болатын. Алайда іс жүзінде бәрі керісінше болып шықты. Юлия жүлдегерлер қатарынан табылып, Дмитрий елге құрқол қайтты.


– Алда мақсат көп. Соның ең бастысы дүбірлі жарыстарда сәтті өнер көрсетіп, осы биігімнен түспеу. Сәтін салса, төрт жылдан кейін Бейжіңде өтетін Олимпиадаға да қатысатын боламын. Ал әзірге сәл тынықсам деймін. Қатты шаршап кеттім. Тезірек үйге жетіп, әжемнің ыстық бәлішін жегім келеді, – деген Юлия «Олимпиада медалі үшін берілетін қаражатты қайда жұмсамақсыз?» деген сұраққа анасына жаңа автокөлік сатып әперіп, әжесінің үйін күрделі жөндеуден өткізгісі келетінін айтты.

Естеріңізге салайық, наурыз айының 3-і мен 4-і күндері Жапонияның Тадзавако өңірінде фристайлдың могул түрінен Әлем кубогының кезекті кезеңі өтпек. Оған жерлесіміз, Олимпиада ойындарының су жаңа жүлдегері Юлия Галышева да қатысатын болады.


Анықтама


Юлия Евгеньевна Галышева. 1992 жылдың 23 қазанында Өскемен қаласында дүниеге келген. Бойы 167 сантиметр. Салмағы 60 келі. Фристайлдың могул түрінен өнер көрсетеді. Екі дүркін (2015, 2017 жылдар) Универсиада чемпионы, Азия ойындарының үш дүркін жеңімпазы (2011, 2017 жылдар) және күміс жүлдегері (2017 жыл), Әлем чемпионатының күміс (2015 жыл) және қола (2017 жыл) жүлдегері. Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив