KZ
Өскемен
+15°
переменная облачность жел 1 м/с, С
481.84 531.33 5.07

Аяулым ӘМІРЕНОВА, фристайлшы: – Қазақ елін жеңістеріммен қуантқым келеді

31.12.2017, 07:20 220

Бұл күні Өскемен теміржол вокзалына халық ерекше көп жиналды. Оның жөні де бар. Фристайлдың могул түрінен сонау айшылық алыс Австрия, Франция мен Швейцариядағы Альпі тауларының аспанмен тілдескен сілемдерінде өткен кезекті Еуропа кубогы жолындағы жарыста үш алтын, бір күміс, бір қола медаль алып, айды аспанға шығарған, жеті кезеңнен тұратын Еуропа кубогында бас жүлде мен хрусталь кубогын қанжығасына байлаған қазақтың қаршадай қызы Аяулым Әміренованы жерлестері осылай қарсы алды.


Аяулым пойыздан түсе салысымен әкесі Серікті құшақтай алды. Төрт жасынан спорттың аса бір күрделі саналатын фристайлдың могул түріне баулыған әкесі Серік пен анасы Гауһарияны қатты сағынып қалыпты.


Иә, Аяулымды үлкен спортқа әкелген де, ауыр сәттерде жігерін жанып, намысын қайраған да дәл осы екі жан. Қазақ қыздары бара бермейтін аса қауіпті де күрделі спортпен шұғылданған 12 жылда Аяулым талай асудан өтті.


...2011 жыл. Республикалық бірінші жастар ойындарында Аяулым могулдан жұптасу сайысында алтыннан алқа тақса, фристайл-могулда екінші, ал фристайл-акробатикадан үшінші орынды иеленді. Қаршадай қыз биіктен төмен қарай зулаған кезде бойындағы қорқынышты сырып қойып, әуеде бірнеше сальто жасады, жоғары балға ие болды. Жарысты тамашалап тұрған ата-анасы Серік пен Гауһария, туыстары Марат пен Гүлмира Орманбетовтер Аяулымды жеңісімен бірінші болып құттықтап, бетінен сүйді.


– Қызымыз аяғына шаңғы байлаған кезде небәрі үш, ал фристайл секциясына жазылған кезде төрт жаста болатын. Фристайлдың могул түрін таңдаған кезде қобалжығанымыз рас. Бірақ Аяулым қайсар, алған бетінен қайтпайтын өжет болып өсті. Алғашқы бапкері Сергей Павлович Аксенов білгенін үйретті. Секцияға жазылған кезде 80 бала болған, оның төртеуі өзіміздің қаракөздер. Ақыры сол 80 баланың төрттен бірі ғана қалды. Қазір өзімен бірге жаттығып жүрген 12-13 жастағы Орынхан Мұқатаев пен Әмина Сатенова, 17 жасқа аяқ басқан Олжас Бейсембаев та жақсы нәтижелерге қол жеткізуде. Қазақ қыздарының спорттың күрделі түрін таңдауы құптарлық іс. Бұған дейін қызымыз бірнеше рет Еуропа кубогы кезеңіне қатысып, алтыншы орынды иеленген. Сондай сәтте оған әлі жассың, жеңісті күндерің алда, деп жігер беретінбіз. Енді, міне, сол төккен тердің жемісін көруде, – деген әкесі Серік Әміреновтің сөзін Аяулымның анасы жалғады.


– Аяулымды әкесі екеуіміз бірнеше жыл жаттығуларға бірге апарып жүрдік, Серіктің Зайсанда шаруа қожалығы бар, ол жоқ кезде мен қамқор болдым. Қызымның бойындағы фристайлға деген сүйіспеншілік мені тәнтті етті, одан үміт күтетінмін. Сол үміт ақтала бастады бүгінде, – дейді анасы Гауһария.

Алматыда студент жастардың Универсиадасы өтіп жатқан кезде Серік бауырымыз хабарласып, «Аға, сүйінші! Аяулым Еуропадан оралған соң, Жапонияның Саппоро қаласында жалауын желбірететін Азия ойындарына қатысатын болды. Мен де барып, қызыма жанкүйер боламын», – деген еді. Алайда, спорт басшылары Аяулымның орнына Юлия Галышеваны жіберуді жөн санаған. Десе де, небәрі 16 жастағы, Өскемендегі дарынды балаларға арналған спорт мектебінің 11-ші сынып оқушысы Аяулымның алар асуы әлі алда екенін сездік.


– 2017 жыл мен үшін табысты болды. 25 қаңтарда бізді Францияның Альбиез қаласындағы Еуропа кубогының кезекті кезеңіне еліміздің жастар құрамасының аға бапкері Виктор Рейхерд бастап апарды. Жартылай финалда Алманияның ең танымал фристайлшысы Софи Вазамен жолымыз түйісіп, оны еңсердім. Ал ақтық сында британиялық Гарген Шофиль Макая менен сәл ғана озып кетті. Оның алдында жеке сайыста қолаға ие болғанмын. Жұптасып өнер көрсетуде күміс медаль қолға тиді. 11-12 ақпанда Австрия жерінде Еуропа кубогы жарысы өтіп, оған 15 елдің саңлақтары қатысты. Осы турнирде жеке және жұптық сында екі алтынға ие болған кезде қуанышымды бірден ата-анама жеткіздім. Швейцарияның Прато-Левентино өңірінде жалауын көтерген Еуропа кубогының кезекті кезеңінде де бір алтын медальға ие болдым, – дейді болашақ Әлем және Олимпиада чемпионы Аяулым Әміренова.


– Биыл тағы қандай жарыстарға қатыстың?


– Үстіміздегі жылдың 8-9 наурызында Испанияның Сьерра-Невада қаласында өткен фристайлдан ересектер арасындағы Әлем чемпионатына қатыстым. Швеция мен Финляндиядағы Еуропа кубогының кезекті кезеңдеріне қатысып, шеберлікті шыңдай түстім. Санаулы күннен кейін Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласындағы Ақ Олимпиадаға жерлесім Юлия Галышева екеуіміз қатысатын болдық. Әдетте, Ақ Олимпиадаға әр мемлекеттен лицензия алған төрт саңлақ қатыса алады. Қазірдің өзінде Д.Рейхерд, П.Колмаков және Ю.Галышеваның жолдамалары қалтада. Тек оны қорғаулары тиіс. Мен квота бойынша қатысамын, бірақ лицензияны қорғауым керек. Алда Канада мен АҚШ-та өтетін Әлем кубогының кезекті кезеңдеріне қатысамыз. Екі жылдан кейін Красноярскіде өтетін Универсиадада топ жарсам деген ой бар. Мақсатым – қазақ елінің жанкүйерлеріне қуаныш сыйлау, – дейді 16 жастағы чемпион қыз.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив