Үздіктер республикалық олимпиадаға жолдама алды
Облыстық білім басқармасының қосымша білім беру және дене шынықтыру орталығы Өскемендегі «Нұр Орда» мектеп-лицейімен және Семей қаласының «Білім-Инновация» лицейімен бірлесе отырып, «Жарқын болашақ» X республикалық «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңін ұйымдастырды.
Бүкіл қазақстандықтарды біріктіретін күш-мемлекеттік тіл. Қазақ тілінің өрісін кеңейтіп, ерекше дарынды оқушыларды анықтау, өзге ұлттарға халқымыздың мәдениеті мен салт-дәстүрін, тарихын таныту мақсатындағы бұл сайыстың мектеп оқушыларының ұлттық құндылықтарымызға деген қызығушылығын арттырудағы маңызы зор.
-Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, халқымыздың әдеби, мәдени және рухани қазыналарын кеңінен насихаттай отырып, оқушылардың шығармашылық, ізденушілік қабілеттерін, мәдени дүниетанымын дамытуды көздейтін бұл облыстық олимпиада осымен оныншы мәрте өткізіліп отыр. Сайысқа қатысуға қазақ балалары ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің де қызығушылығы басым. Олар қазақ тілінде ән айтып, эссе жазады, шешендік өнерін ортаға салады, -дейді облыстық қосымша білім беру және дене шынықтыру орталығының ғылыми-техникалық шығармашылықты дамыту бөлімінің басшысы Бейбітгүл Оспанова.
Талантты оқушылардың қабілетін шыңдайтын жыл сайынғы дәстүрлі олимпиада аудандық, облыстық және республикалық кезеңдерден тұрады. Олимпиада жылдағыдай «Тілші-әдебиетшілер», «Сөз шеберлері», «Әнші-бұлбұлдар», «Жас ғалымдар», «Жазушылар» атты бес бағыт бойынша өткізілді. Білім сайысында өңіріміздің әр қала-ауданынан келген 7-10 сыныптарда оқитын 84 оқушы мемлекеттік тілде эссе жазу, ән шырқау, мәнерлеп оқу, тесттік тапсырма, ғылыми жоба қорғау сияқты сынақтарда өздерінің білім деңгейлерін көрсетті. Тартысты өткен сайыс әдебиетке, шешендік өнерге бейім «сегіз қырлы, бір сырлы» оқушылардың арасынан үздіктердің үздігін анықтады.
Қазылар алқасының шешімімен «Жазушылар» бағыты бойынша бірінші орынды қазақ тобынан Өскемендегі №42 орта мектебінің оқушысы Камила Қайратова, өзге ұлт өкілдері тобынан Күршім ауданы Теректі орта мектебінің оқушысы Валентина Свириденко, «Сөз шеберлері» бағыты бойынша қазақ тобынан Зайсан ауданы Қаратал орта мектебінің оқушысы Аида Қабдолданова, өзге ұлт өкілдерінен Күршім ауданы Қайыңды орта мектебінің оқушысы Татьяна Завалина, «Әнші-бұлбұлдар» бағыты бойынша қазақ тобынан Зайсан ауданы М.Әуезов орта мектебінің оқушысы Дильяра Насиева, өзге ұлт өкілдері бойынша Серебрянск қаласындағы М.Инюшин атындағы №1 орта мектебінің оқушысы Ариана Полтаранина, «Тілші-әдебиетшілер» бағыты бойынша қазақ тобынан Өскемендегі дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы Альмира Абзалбекова, «Жас ғалымдар» бағыты бойынша қазақ тобынан Күршім ауданының Қалжыр орта мектебінің оқушысы Аяулым Рауанқызы жеңімпаз атанды.
24 ақпанда Семейдегі «Білім-Инновация» лицейінде Үржар, Аягөз, Жарма сияқты Семей өңіріне жақын аудандардың дарынды балалары жоғарыда аталған бес бағыт бойынша сынға түседі. Әр номинацияның бірінші жүлдегерлері алда өтетін «Жарқын болашақ» республикалық олимпиадасына жолдама алады.