KZ
Өскемен
небольшой снег жел 6 м/с, ОШ
491.71 529.97 5.05

Ауыл шаруашылығы кешенді түрде дамуы керек

16.02.2018, 04:14 133

Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың мүмкіндіктері»  Жолдауында елдік мұрағаттармен қатар, ауылдардың тұрмыс-тіршілігіне де арнайы көңіл бөлінгендігі халықты ерекше қуантып отыр.


Семейдегі  «Ақшың» корпорациясының президенті облыстық мәслихаттың депутаты Марат Серікжанұлы Құрманбайдың айтуынша, Елбасымыз осы Жолдауында өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделудің және табысқа жетудің 10 міндетін атап көрсеткені заман сұранысына және талабына сай екен.


-Менің тоқталайын деп тұрғаным, Жолдаудың 3-ші бағыты бойынша, ауыл шаруашылық кешенін дамытуға байланысты маңызды дүниелер,-дейді Марат Құрманбай,-бүгінде республика бойынша ауыл, қала, облыс әкімдерінің есептері жүріп жатыр. Олардың есептерінде айтылғандай, негізгі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру, атап айтқанда ет, сүт, жұмыртқа, жүн және дәнді дақылдар, яғни көкөніс, картоп былтырғы жылмен салыстырғанда барлық ауылдарда біршама өскен. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру былтырғы жылмен салыстырғанда 7,5 пайызға артып отыр, немесе 31 млрд теңге. Бұның ішінде ет өнімдері 1,4 пайызға өскен. Қала әкімі Ермак Сәлімовтың тікелей басшылығымен қала экономикасы үлкен жетістіктерге жетті. Алайда, Үкімет тарапынан шаруа қожалықтарына, қосалқы жеке шаруашылықтарға «Сыбаға», «Құлан» тағы басқа бағдарламалар негізінде 827 млн.теңге субсидия беріліп отырғанымен мал басының едәуір азаюы байқалады. Былтырғы жылдары қой мен ешкі басы жыл сайын азайып отырды, бұған себеп, өздеріңіз айтқандай, оларды өсіруге кететін шығынның көптігі.

Кәсіпкер әрі облыстық мәслихаттың депутаты Марат Құрманбай  мысалға келтіргендей, ірі қара мен жылқы малының 4,7 пайыз бен 11,5 пайызға азаюы Ертіс, Достық, Қараөлең, Алғабас, Ақбұлақ, Айнабұлақ, Абыралы ауылының әкімдерін  ойландыратын жағдай болуы тиіс.


-Менің ойымша, мал басының көбеюіне әсер ететін негізгі сұрақтар әлі де болса дұрыс қамтылмай жатыр,-деді осы мәселеге аса мән берген Марат Құрманбай, – бұл ауыл шаруашылық жерлерінің тиімсіз пайдаланылуы, ауыспалы жайылымдарды дұрыс пайдаланбау және мал ішетін судың тапшылығы. Алайда, осы жайылымдарды суландыру бағдарламасы арқылы Знаменка ауылы әкімінің ұйымдастыруымен 5 шаруа қожалығы шахталы құдықтарды 5,1 млн теңгеге қазғызып, насоспен су шығарып алды. Осы ақшаның 80 пайызын немесе 4,0 млн теңгесін Үкімет қайтарып берді. Осындай жұмыс Озерки ауылында «Бақыт» шаруа қожалығында да жүргізілді.  Енді бұл тәжірибені басқа ауылдарда да жүргізген жөн.

Игерілмей жатқан суармалы жерлерді айналымға енгізу - өте өзекті мәселе. Қала әкімінің есеп беруінде айтылғандай, осы жылы 400 га суармалы жер игерілуі тиіс екен. Өте құптарлық жағдай. Тек, осы жерлердің игерілуін уақтылы келісімшартта көрсетілгендей орындалуын қадағалау қажет. Себебі, жаңа технологиялар мен жабдықтарды айналымға қосу үшін осы 400 га жерге кететін инвестиция шамамен 500 млн теңгені құрайды. Бұл – аз қаржы емес.



Былтырғы жыл басынан бері 25 кооператив құрылып, оған 826 адам мүше болыпты. Енді осы ауыл шаруашылық кооперативтерін көбейтіп, ауыл тұрғындарының малдарын асылдандыруға, жем-шөп, комбикормға Үкіметтен берілетін субсидияларды кең көлемде пайдалану керек екен. Осы мәселелер дұрыс шешімін тапса, ауылдардағы миграция мәселесі де оң шешімін таппақ.


Марат Серікжанұлының айтуынша, жергілікті өзін-өзі басқару заңына сәйкес осы жылы 6 ауылдық округте, атап айтқанда Шульбинск кенті, Озерки, Приречный, Иртышский, Новобаженовка, Знаменкада өз бюджеттері бекітілген. Ендігі кезде осы бюджетке түсетін кірістердің өсу жолдарын ұйымдастыру ауыл әкімдеріне тікелей байланысты екендігі рас. Осы жұмыста ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н. Шақабаевтың ұйымдастырушылық қабілетімен үлкен жұмыстар атқарылуда.


-Мен облыстық мәслихаттың депутаты ретінде «Семей-Қайнар» жолының жөнделуі жөніндегі проблеманы әр жыл сайын жоғарғы орындарға айтып келемін,-деді Марат Құрманбай,-бұл жол республикалық нысандағы мағынаға ие, сондықтан қаржы республикалық бюджеттен бөлінеді. Былтыр осы жолға 570 млн.теңге ақша бөлініп, Знаменка ауылынан әрі қарай 12 км жөнделді, оған қоса 60 мың шаршы метрдегі аумақты қамтитын, жол үстінде әр тұстан кездесіп қалып отыратын шұңқырлар жөнделді. Осы жолдардң жөнделуіне ҚР Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов тікелей ықпал етті. Нұртай Сабильяновқа ұсыныс жасап, тағы да қаржы бөлу жөнінде көмектесуін сұраған едім. Осы сұрақ та оң шешімін тапты. Республикалық бюджеттен 38 шақырым жол, Қаражыра қиылысынан әрі қарай және Қайнар – Саржал аралығын жөндеуге 900 млн.теңге бөлінді, сонымен қатар ағымдағы жөндеуге тағы да  қаржы берілетін болды. 

Облыс әкімі Даниал Ахметов «Семей-Қайнар» жолын республикалық маңыздан облыстық маңызға ауыстыру жөнінде орталық ведомстволарға ұсыныс енгізді. Бұл сұрақ оң шешімін тапса, облыс әкімі облыстық бюджеттен қаржы бөліп, 26 жыл жөндеу көрмеген жолдың қалған бөлігін аяқтамақшы. Өте құптарлық және қуанышты жаңалық.


Ауыл халқының өтініш, талап-арыздарына орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Шарановқа депутаттық сауалнама жіберіліпті. Соған орай облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясында Знаменка отбасылық дәрігерлік амбулаториясының және Абыралы ауылдық ауруханасының қазіргі нақты өз статусында қалдырылуы оң шешімін тапқан.



Тағы бір мәселе, бұл 1992 жылы шыққан Семей полигонындағы ядролық жарылыстардан зардап шеккен азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету заңы бойынша мемлекеттік кәсіпорындарға бюджеттен төленеді, ал жеке кәсіпорындар өздерінің есебінен төлейді. Бұл жерде осы жеке кәсіпорындардың төлемдер арқылы шығаратын өнімдерінің өзіндік құны өсетінін есепке алған жөн. Ал біздің кәсіпорындар басқа облыстардағы осындай төлемдер төлемейтіндермен бірдей жағдайда емес екендігін ескеру керек, дейді Марат Құрманбай.


-Осыған байланысты біз қала әкімімен бірге үкіметке республикалық бюджеттен ядролық полигон жөніндегі Заңға өзгеріс кіргізіп, біздің кәсіпорындардағы 49 000-дай адамға осы төлемақыны бөлуге ұсыныс жасаймыз, бұл шамамен 2 млрд теңге,-деді Марат Серікжанұлы.

Осындай қиыншылықтарға қарамастан «Ақшың» корпорациясының президенті, облыстық мәслихаттың депутаты Марат Серікжанұлы Құрманбай ауыл шаруашылығын дамыту үшін ел аралап, халықпен кездесуге әрқашан дайын екендігін айтады. Халықтың жағдайы үшін ат үстінде жүріп, кездескен проблемаларды оңтайлы шешу бүгінгі күннің басты талабы.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив