KZ
Өскемен
ясно жел 0,2 м/с, З
478.54 533.76 5.17

Ауыл әкімдері кезең-кезеңмен біліктілігін арттырады

5.02.2018, 12:12 182

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 98 қадамында аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу тапсырылғаны белгілі. Естеріңізде болса, бұл тізімге өңірден 100 ауылдық елдімекен кіріп отыр. Алғашқылардың қатарында биылдан бастап бұл міндетті жүзеге асырудың нақты қадамы аймақта қолға алынуда. Кеше облыс орталығына жиналған 50 ауылдық округі әкіміне аталмыш бағыттағы алғашқы оқыту семинарын облыс әкімі Даниал Ахметов өзі бастап жүргізді.



Өңір басшысы жауапкершілік маңызы өте жоғары бұл үлкен шаруаны бастамас бұрын әр бір әкім өзіне жүктелетін міндеттерді мұқият түсініп алуы керектігін жеткізді. Сол бағытта тізімге кірген ауылдық округтер әкімдері кезең-кезеңмен облыс орталығында бюджеттік процестерді жүргізу бойынша білімдерін жетілдірмек. Алғашқы лекке кірген 50 әкімге ақпанның 5-16 аралығында он күн бойы облыстық тиісті басқармалар, мемлекеттік мекемелер өкілдері дәріс оқымақ.


– Мемлекеттік басқару жүйесінде әкімдер институты маңызды орын алады. Сіздер жеке бюджетке ие болып, жергілікті жерде жұмысты жүргізесіздер. Мемлекеттік менеджер ретінде аумақтағы әлеуметтік-экономикалық өзекті мәселелерді шешіп, қоғамдық-саяси өмірдегі өзара байланысты үйлестіресіздер, - деген облыс басшысы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіру міндетін тиімді іске асыру үшін елімізде алғашқы болып «Жергілікті басқару жүйесінде кәсібилікті дамыту семинары» атты арнайы бағдарлама әзірленгенін жеткізді.


Аймақ басшысының айтуынша, ол төрт блоктан тұрады. Олар: бірінші – мемлекеттік процестің тарихи даму контексіндегі қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуы, екінші – мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды мемлекеттік жоспарлау және іске асыру, үшінші – ауылдық аймақтарды дамытуға, проблемалары мен оларды шешуге мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану және төртінші – коммуналдық меншікті басқару.



Аталған семинар екі кезеңнен тұрмақ. Алғашқысы дәріс беру түрінде жүргізілсе, екіншісі кеңес беру түрінде болмақ.


– Семинар бойынша алғашқы дәрісті мен өткіздім. Енді әр басқарманың басшысы Сіздермен жұмыс жасайтын болады. Олар тиісті материалдарды дайындады. Сонымен  бірге менің берген тапсырмама сәйкес басқарма басшылары бюджетті іске асырудағы әр бір процесс бойынша іс-әрекет бағытын әзірлейтін болады. Ал Сіздерге сол бойынша нақты жұмыс істеу қалады. Тағы да қайталап айтарым, бұл өте маңызды шаруа. Сондықтан, берілген мүмкіндікті пайдаланып, дұрыс жұмыс істей білуді үйреніңіздер. Себебі, алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалардың басым бөлігін іске асыру Сіздерге байланысты болмақ. Әсіресе, жеке бюджет, коммуналдық меншік ұғымдары не, мемлекеттік қолдаудың қандай формалары бар деген сұрақтарды түсінулеріңіз қажет, - деген Даниал Ахметов жаңа үрдісті іске енгізуде басты басымдық оқытуға беріліп отырғандығын атады.

Бұдан бөлек өңір басшысы, ауылдық округтер әкімдері бастайтын бұл жұмыстардың барлығын өзінің жіті бақылуында ұстап отыратындығын жеткізді.


Семинар барысында айтылғандай, 2018 жылдан бастап ауылдың дербес бюджетіне әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін төленген айыппұлдар мен жеке және заңды тұлғалар төлейтін алымдар, мемлекеттік мүлікті жалға беруден, коммуналдық меншікті сатудан және сыртқы жарнамадан түсетін табыстар аударылатын болады. Оны ауыл әкімдері мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру мәселелері, ауылдарды абаттандыру, ауыз су мәселесін шешу сияқты 19 бағытта жұмсай алады.


Семинар барысында белгілі болғаны, жергілікті өзі-өзі басқаруды енгізу бойынша жылдың басында республиканың әр өңірінде Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясының 16 филиалы ашылған. Әкімдер сол филиалдарда оқытылады.


– Академияның филиалы Өскемен қаласында Карл Либкнехт көшесі, 19 мекенжайында 4 қаңтарда ашылды. 22 қаңтарда мен директор болып бекітілдім. Бірінші лекте 50 әкімді оқытамыз, олардың өзі екі кезеңмен оқитын болады. Екінші лекте тағы елу әкім келеді. Олар да солай оқиды. Әкімдер бұрын айналыспаған бюджеттік бағдарламаларды жасауда қателіктерге жол бермес үшін, алдын алуды үйретеміз. Оқу біткен соң да әкімдер жергілікті жерде жұмысты бастағанда біздің қызметкерлер онлайн режимде кеңес беріп, қолдау көрсетеді. Алдағы наурызда қалалық, аудандық әкімдер де жобалық менеджментті үйренеді. Барлық оқу процесі сәуір айына дейін созылады. Болашақта магистратура бөлімі, қашықтықтан оқыту ашылуы мүмкін, – дейді филиал директоры Жанар Рыспекова.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив