ШҚО әкімі: «Жаңа жағалау қырық жыл салынбаған, енді ұқыпты қолданыңыздар»
Өскеменнің Үлбі өзені жағалауындағы қалалық инфрақұрылымның маңызды нысанына айналып үлгерген азаматтардың жаңа демалыс аумағын ШҚО әкімі Ермек Көшербаев бағамдады. Аумақтың таза әрі қолайлы болуына тиісті қызметтер ғана емес, серуендеуші тұрғындардың өзі де жауапты болуы керек екені айтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыс әкімі бюджет қаражаты есебінен салынған нысандар мен абаттандырылған аумақтардың бет-бейнесін бағамдап-бақылады. Аталмыш жағалау арнайы бағдарлама аясында салынған болатын.
Ермек Көшербаев жобаның маңызына тоқталып, нысанның қала тұрғындары мен қонақтарының демалатын, серуендеп, спортпен шұғылданатын негізгі орындарының бірі екенін баса айтты. Атқарылған жұмыстардың сапасына, абаттандыруға және халықтың барлық санаттары үшін қауіпсіз жағдай жасауға ерекше назар аударылады.
Серуендеп жүрген тұрғындар жаңа жағалаудың жайлылығы мен инфрақұрылымын ерекше атап өтті.
«Ризамыз, балалардың келешегі ғой осының бәрі», «Біз Тарбағатайдың Ақжарынан келдік. Қала танымастай өзгерген. Өте тамаша, мына жағалауда серуендеуге не жетсін!» деп лебіздерін білдірді облыс әкімін қоршаған жұрт.
Айта кетсек, осы жағалаудың құрылысы 2022 жылдың соңында басталған. Жалпы, жағалауды абаттандыру бойынша осындай ауқымды жоба соңғы рет 1978 жылы Ертіс жағасында жүзеге асырылған болатын.
Фото: Махаббат Ахметжанова