KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 2 м/с, ОБ
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Клубтың іші көк мұнар

2.02.2018, 09:15 216

Клубтың іші көк мұнар. Клубтың іші көп қыздар. «Би билейсің әдемі, ырғақты сен, Жарқылдаған түнгі би алаңында».


«Түнгі клуб деген – жын-ойнақтың алаңы. Ал клубқа барған қыздың ертеңгі күні асыл жар, аяулы ана болуы неғайбыл. Сыңғытып ішкені – сыра, будақтатқаны – түтін». Сіздің де, біздің де ойымыз осыған саяды.


– Ішімдік, шылым, кальян дегендер мен үшін қызық емес. Оларға атымен жоламаймын. Білемін, кейбір қыздар мұнда жігіттермен танысу үшін келеді. Бірақ мен алдыма келген кім-көрінгенмен билемеймін. Бұл жерге, көбіне, жүрегім ауырғанда құрбыммен келемін. Жалпы, билеу арқылы барлық жағымсыз энергиядан құтылуға болады. Үйде жүргенде де бір нәрсені ойлап мұңая бастасам, музыканың дауысын қатты қойып, билеп аламын. Сосын түк болмағандай сергіп қаламын, – дейді Лунара (пікір білдірушінің өтініші бойынша есімі өзгертілді).

Әлбетте, бұл жерде жігіттер де жетерлік...


– Біз клубқа жиі келеміз. Мұнда өз арамыздағы кішігірім мерекелерді атап өтеміз. Мәселен, біраз уақыт бұрын бір досымыз үйленгенде, тойдан кейін осы жерге келдік. Себебі түнгі уақытта басқа баратын орын жоқ, – дейді Азамат есімді жас жігіт. – Ал кейде бой сергіту үшін келеміз, жасырмаймын. Достарым жұмыстан кейін телефон соғып, «клубқа барып қайтайық» дейді. Бас тартпаймын, – дейді ол күліп.

Айта кетейік, қазіргі күні облыс орталығында оншақты түнгі клуб бар. Мақаламызға деректер жинау барысында солардың біріне бас сұғып, түнгі клубтың тіршілігімен жақынырақ танысуға тура келді. Білгеніміз, клубқа ұлдар 2000 теңге төлеп кіреді екен. Ал қыздар тегін... Мұндағы кальянның (қазіргі жастардың «хиты») бағасы 3500 теңгеден басталып, 4000, 5000, 6000 теңге болып кете береді.


– Клубқа бір келіп-кету үшін кемінде 5000 теңге қаражат болуы керек қалтада, – дейді Азамат.


Иә, қалай десек те, жастардың клубқа деген «махаббаты» шексіз. Мәселен, жоғары оқу орындарындағы оқуын енді бастаған жастарды студент қатарына қабылдау рәсімі де бір жылдары осындай жерлерде өткізілетін. Мұның себебін С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы былай түсіндіреді:


– Жаппай бірінші курсқа келушілерді қарсы алу шарасын өткізетін орынды студенттермен кеңесіп таңдаймыз. Бұл шара биылғы оқу жылында түнгі клубта өтті, – деді Әбілхайыр Батырбай.

Әлбетте, түнгі клубқа бос уақыт өткізу үшін ғана келетіндердің де бары хақ. Олар тіпті көп болуы мүмкін. Себебі жастар арасындағы кикілжің, төбелестің дені осындай орындардан шығатынын полиция қызметкерлері де растайды. Ал бұған мысал келтіріп жатудың өзі артық шығар.


– «Жастар түнгі клубқа баруға неге құмар?» деген сұрақ төңірегінде мен ойландым. Бізде үлкен мегаполистердегі сияқты ойын-сауық орталықтары және шетелдік кинолардан көріп жүргеніміздей күндіз-түні халық толастамайтын саябақтар жоқ. Жастардың бір бөлігі сол себепті клубқа барады. Екінші бөлігі белгілі-белгісіз себептермен қоғамнан жалыққандар. Мәселен, мамандық таңдауда жаңылысқандар. Олар өз жұмыстарын ынты-шынтысымен атқармаған соң, тез жалығып кетеді. Сондықтан, күнделікті күйбең тірлікті ұмыттыратын жер іздейді. Егер адамның мақсаты, қызығушылығы, басты құндылығы айқын болса, онда ол арзанқол дүниелерге бас ауыртпайды. Сол секілді үшінші бөлігі бос жүруге дағдыланып кеткендер немесе біреудің айтуымен қызығып баратындар. Олар ересек өмірге араласу деген осы екен деп ұғуы мүмкін. Бұлардың ішінде жүріс алып кеткен жандар да табылады. Ал жалпы алсақ, адам баласы оңашада немесе әлгіндей аса шулы жерлерде билеп, айғайлап, қандай да бір оғаш, әдеттен тыс қылықтары арқылы бостандыққа, еркіндікке ұмтылады. Әлдебір құрсаудан құтылғысы келеді. Жастардың бұлайша қоғамнан оңашаланып, бұйығы тартпауы үшін, біріншіден, отбасы, екіншіден, әлеуметтік институттар ықпал етуі керек. Бүгінгі жас өз бағасын білетін, талғамы мен қызығушылығы айқын, болып жатқан оқиғаларға өзінше сараптама жүргізіп, көзқарасын білдіре алатын, жан-жақты тұлға болуға ұмтылуы керек, – дейді психолог Динара Оспанова.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив