KZ
Өскемен
+3°
пасмурно жел 2 м/с, З
489.36 533.45 4.99

Сәбилердің 21 пайызы Өскеменде дүниеге келген

2.02.2018, 05:35 122

Күршім ауданында өткен тауық жылында ауданымызда 285 нәресте дүниеге келіпті, бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 61 балаға аз. Қуантарлығы, 2017  туған  шақалақтардың төртеуі егіз, біреуі үшем.


Аудан халқының қатарына қосылып, былтыр жарық дүние есігін ашқан бүлдіршіндердің тек 21 пайызы Күршім аудандық орталық ауруханасы перзентхана бөлімшесінде дүниеге келген. Ал 79 пайызы облыстық ана мен бала орталығында туған. Жас босанатын аналарымыз неліктен паром арқылы 200-ден астам шақырым жол жүріп, паромдар тоқтағанда Үлкен Нарын, Зырян жолы арқылы айналмамен Өскемен қаласына барып босануға мәжбүр екендігі көпшіліктің көкейіндегі сауал. Мұның себебі жөнінде аудандық орталық аурухана әкімшілігі түсініктеме беруін сұрадық. Белгілі болғаны, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің  2010 жылғы 7-мамырдағы №325 «ҚР перинаталды көмекті өңірлендіруді жетілдіру нұсқамаларын бекіту» туралы бұйрығы негізінде жүкті әйелдер денсаулық жағдайына байланысты облыстық ана мен бала орталығына жолданады. Яғни, босану кезінде, одан кейінгі кезеңде денсаулығының кінәраты бар  ана мен балаға қауіпті жағдайды болдырмау, дер кезінде жоғары деңгейдегі көмек көрсету мақсаты көзделген. Тек денсаулығы жақсы әйелдерге аудандық деңгейде босануға рұқсат беріледі.


Бүгінде баланың тууын тіркеу мерзімі елеулі өзгерді. Яғни, бұрын туу туралы арызды ата-аналасы не басқа да мүдделі адамдар тіркеуші органға екі айдан кешіктірмей беруіне болса, заңға енген түзетулерден кейін бұл мерзім туғаннан бастап үш күнге қысқартылды. Сондай-ақ, бала туа сала шетінеген жағдайда медициналық ұйымның жауапты лауазымды адамы бес тәуліктен кешіктірмей арыз беру мерзімі бір жұмыс күніне дейін қысқартылды.


Сонымен қатар, жаңа туған баланы тіркеу үшін интернет арқылы өтініш беру мүмкіндігі бар. Осы мақсатта «Электрондық үкімет» www.egov.kz порталында «Баланың туғанын тіркеуге электрондық өтінім беру» туралы жаңа қызмет іске қосылды.


Ауданымызда жарық дүние есігін ашар сәбилер саны жыл санап арта түссе, мемлекетіміздің де іргесін нығайтуға күршімдік аналардың қосқан зор үлесі болмақ. Бұл үшін еліміздегі ана мен бала жағдайын жақсарту мәселесі мемлекеттік деңгейде күн тақырыбынан түспеуі тиіс.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив