Аягөзде Елордамыз Астананың мерейлі мерекесі тойлануда
Биылғы жылы Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеу барлық өңірлердегідей ауданымызда да басталып кетті. Қазір елді мекендер мен аудан орталығында осынау айтулы датаға байланысты әртүрлі қызықты бұқаралық сипаттағы шаралар өтуде.
Отанымыздың жүрегіне, тәуелсіздігіміздің тірегіне айналып отырған бас қаламыздың мерейлі мерекесіне өңір жұртшылығы ерекше ден қойып отыр. «Ел жүрегі – Астана» тұжырымдамасына сай өтіп жатқан мерекелік шаралардың маңызы жоғары. Мәселен, Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейлі мерекесінің құрметіне арналған грек-рим күресінен облыстық біріншілік өтті. Аталмыш біріншілік 2001, 2003, 2004, 2006 жылдары туылған жасөспірімдер арасында өтіп, оған Өскемен қаласынан-14, Семейден-45, Жармадан-22, Үржардан-35, Таскескеннен-11, Аягөз спорт мектебінен-88, барлығы 215 балуан қатысты. Сол сияқты, осындай айтулы мерекеден аудандағы сарбаздар қауымы-жауынгерлер де тыс қалмай бокстан əскери қызметкерлер арасындағы облыстық біріншілік өтті. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық білім бөлімінің ұйымдастырумен шайбалы хоккейден оқушылар арасында аудандық «Жұлдызша» жарысы болып өтті. Бұл сайысқа жалпы 11 команда қатысып, жас спортшылар жүлделі орындарды сарапқа салғанын айта кеткен абзал.
-Мұндай маңызы жоғары мерейлі мерекелерді мейілінше жастар арасында өткізуді мақсат еттік,-дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Медет Мырзыкешов,-Өйткені, еліміздің болашағы саналатын жастарға патриоттық тәрбие берудің бұл да бір жарқын үлгісі. Ал биылғы Астана қаласының 20 жылдық мерейлі мерекесі бәрімізге ортақ, маңызы тым жоғары шара екені айтпаса да түсінікті. Шынында да сәулеті мен дәулеті жарасқан елордамызды қазіргі күні төрткүл дүние танып отыр. Астана жаңа ғасырдың, жаңа дәуірдің жасампаз шаһары атанды. Өйткені, ол барша қазақтың бас қаласына айналғалы қашан...