Мекен-жай тұрағы жоқ адамдарды құтқару да абзал іс
Бұл заманда қаңғыбас болып жүретін тіршілікке кейбір адамдар көндіккен. Олар күн сайын көз алдыңызда қоқыс жәшіктерін қарап жүреді. Киім-кешек, қалдық тамақ, жыртық болса да жылы көрпе іздейді. Десек те, далада өмір сүру қауіпті. Семейде алты ай бойы қыс жатады. Ал қарапайым тілде «бомж» атанып кеткен жандардың тірлігін барлығымыз да көріп жүрміз. Желдің өтінде, суықтың үстінде жұқа киіммен жүреді.
-Міне, 2018 жыл басталды, қаңтар айы, қыстың ортасы, күн суық,-деп әңгімеледі,-Семей қаласындағы Төтенше жағдайлар жөніндегі басқарманың бас маманы Ажар Рүстемова,-қауіп азаяр емес. Аязды күндерде өрттердің шығуы, адамдардың қаза болуы мен жарақаттану қаупі жоғары. Себебі, мекен-жай тұрағы жоқ жандардың барлығы әйтеуір, бір жылы жерге түнеп шыққылары келеді немесе «жылы орын» іздейді. Осыған орай, Семей қаласындағы ТЖБ-ның мемлекеттік өрт бақылау бөлімі жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесе тұрғылықты мекен-жайлары жоқ тұлғалар жиналатын орындар бойынша кезекті рейдтер жүргізді. Бұл іс-шараның мақсаты, қаңғыбас адамдарға өрт қауіпсіздігінің қарапайым нормаларын сақтау қажеттігі туралы түсіндіру болды. Рейд барысында осындай 4 орын қамтылды, нәтижесінде 20 адаммен әңгімелесу жүргізілді.
Бұған дейін Семей қалалық ТЖБ МӨББ қызметкерлері бірнеше рет осындай ескерту, түсіндіру шараларын өткізген екен. Бұл жұмыс жалғаса бермек. Осындай іс-шаралар нәтижесінде былтыр өрт кезінде қаңғыбас адамдардың қаза болуы орын алмапты.