KZ
Өскемен
+15°
переменная облачность жел 4 м/с, В
443.37 474.49 4.83

Жасанды шырша құрсақ та болады ғой

7.01.2018, 04:57 420

Жыл сайын қайталанатын бір көрініс ол – Жаңа жыл мерекесіне  екі апта қалғанда кесіліп әкеліп орнатылып, мерекеден соң екі аптадан кейін аулаларда шашылып жататын шырша, самырсын ағаштары. Мәселен, шырша ағашының өте баяу өсетіндігін ескерсек, бас-аяғы бір айға жетпейтін мерекелік кезең үшін талай жыл қысы-жазы табиғаттың сәнін келтіріп тұрған жасыл өскінді аяусыз отау мүлде дұрыс емес. Қайта оның орнына жасанды жасыл шыршаларды құруды неге әдетке айналдырмасқа? Ал жасанды шырша дегеніңіз кез келген сауда орындарында түр-түрімен толып тұр.


Сонымен, біз жыл сайын облыс көлемінде Жаңа жылды тойлау үшін қанша шырша кесілетінін шамамен болжап көрдік. Ең алдымен өңірдің ірі қалаларының, аудан орталықтарының орталық алаңдарына орнатылатын шыршаларға тоқталайық.  Облыста 4 ірі қала мен 15 аудан бар. Жыл сайын биіктігі он-он бес метрге дейін жететін зәулім ағаштар осы 19 алаңға қойылады, безендіріледі. Безендірудің әдемілігі сондай, жасандычы қайсы, табиғи шыршасы қайсы екенін айыру қиын. Ендеше, қаншама жыл өскен шыршаны қиғанша, жасанды шыршаларды неге құрмасқа? Не болмаса, алаңның ортасынан әдейі орын сайлап, үлкен бір шыршаны түбегейлі отырғызбасқа. Бұған қазіргі уақытта қаржы да, мүмкіндік те жетеді.


Шыршаны көп қажет ететін саланың бірі – білім саласы. Облыстық білім басқармасының берген мәліметі бойынша өңірде жалпы білім беретін мектептердің саны – 657. Жаңа жылдық іс-шараларды өткізу үшін әр мектепте міндетті түрде шырша безендірілетіні белгілі.


Бұл цифрларға енді жоғарыда аталған қалалар мен аудандардағы мемлекеттік мекемелердің, ірі кәсіпорындардың, жекеменшік өзге де түрлі ұжымдардың санын қосыңыз. Олар да өзгелерден қалыспай, елмен бірге таудан шырша шауып әкеліп, Жаңа жылды мерекелетіп, думандатып қарсы алатыны даусыз. Тағы да шабылған шыршалардың саны арта түседі.


Бәрін қоса есептер болсақ, жыл сайын мың түп данадан артық шырша аймағымызда Жаңа жылды мерекелеу үшін балталанады екен. Мұның сыртында тұрғындар үшін деп оталып, базарда сатылымға шығарылатын, нақты саны белгісіз шыршалар және бар. Ал сол шыршалары оталған жасыл орманды қайта қалыпқа келтіру үшін қаншама миллион қаражат жұмсап, тәлімбақтар, көшетханалар жұмысын жүргіземіз. Ең өкініштісі, шабылған шыршалардың бәрі мереке біткен соң ештеңеге жарамай, көшеде шашылып қалатындығы.


Сондықтан алдағы уақытта жыл сайын Жаңа жыл деп жасыл шыршаларды аяусыз отай бермей, орталық алаңдарға, мекемелер залына жасанды шыршалар орнатқан өте дұрыс шешім болар деп санаймыз. Оны қолға алып жатқан мекемелер де жоқ емес. Мысалы, облыстағы бірден-бір медиахолдинг - «Шығыс ақпарат» ЖШС жыл сайын акт залына жасанды шырша құрып келеді. Одан ешқандай да мерекенің мәні ортайып қалған емес. Бұл жақсы бастаманы облыстық білім басқармасы да биылдан қолға алыпты.


– Табиғатты аялауға баулу, экологиялық тәрбие беру - мектептердегі басты бағыттардың бірі. Сондықтан облыс мектептерінде Жаңа жыл мерекесін атап өту іс-шараларында табиғи шыршаның орнына жасанды шыршаларды пайдалануға басымдық беріп отырмыз. Мысалы, осы жылы жаңажылдық мерекелер үшін 657 мектептің 516 мектебінде жасанды шыршалар қолданылып отыр. Бұл бастама жалғасын табады, - дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Байжанова.


Міне, құптарлық бастама деп осыны айтайық, басқа мекемелер үлгі алсын деп.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив