KZ
Өскемен
+21°
небольшая облачность жел 4 м/с, З
478.96 533.03 5.22

Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің маусым ашар концерті өтті

20.11.2017, 04:37 221

Өскемен қаласындағы Металлургтер мәдениет сарайында Байжігіт атындағы қазақ халық аспаптар оркестрінің маусым ашар концерті өтті.


Аталмыш оркестр құрылғалы Өскемендегі қазақ руханиятының өңі өзгеріп, ұлттық әуендері көптеген кештерде естіліп жүргені белгілі. Содан болса керек, бұл кешке қанында қазақылықтың жылты бар жанның көбі келді.


Кеш шымылдығы Байжігіттің «Көксерке» күйімен түрілді.


Біз бұл кешті «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіп отырмыз. Кеш барысында сазсырнай, қылқобыз бен скрипка сынды аспаптар тұңғыш рет оркестрдің сүйемелдеуінде ел назарына ұсынып отырмыз. Сондай-ақ көрермен талғамына сай етіп әлемдік деңгейдегі шетелдің классикалық туындыларын орындадық, - дейді оркестр жетекшісі Шалқар Рысқанов.


Кеш үш бөлімнен тұрды. Бірінші кезекте қазақ аспаптарының көмегімен халық әндері әуелесе, екінші бөлімде шетелдің классикалық туындылары елдің қанын шымырлатты. Ал үшінші бөлімде қазіргі заман ағымына сай туындылар орындалды.


Алғашқы бөлімнің сарынында Алпыс Жақиянов пен Әсет Жәмелов қос дауыста Манарбек Ержановтың «Сайра бұлбұлын» сайратса, Өскеменге өзіндік өрнегімен Алтай асып келген Қадықан Манай жаяу Мұсаның «Сұрша қызын» әуелетті. Қара домбырасын көтеріп келіп Тұрсынғазы Рахимовтың «Алпыстың асуы» әнін салған Әділ Тұрғанбаевқа ел қошеметі енді бір ән айтқызды. Екінші бағыттың еншісіндегі әндерді белгілі әнші Айжан Мәзікенова мен «Жас қанат» байқауында Шығыстың намысын абыроймен қорғаған Әсел Темірованың жетекшілігіндегі «IN-CORO» квартеті шырқады. Соңғы бөлімдегі заманауи әндерді Альмира Нұрғожина, Нұргүл Қабдоллаева сынды жоғары дауысты әншілер тамылжытты. Әсіресе, Гүлмира Саринаның «Шығысым шырайлы елім» әнін шырқаған Нұргүл Алтай елін айрықша тебірентті.


Кешті Арыстанбек Кәкеевтың «Далам менің» әнімен Алпыс Жақиянов түйіндеді. Бүкіл кеш барысында ағайынды Абдуллиндер атындағы облыстық өнер училищесінің академиялық аралас хоры өнер көрсетті. Оған өз кезектерінде Шалқар Рысқанов, Ержан Қасымханов, Әсел Темірова дирижерлық жасады.


Көптен бері мұндай рухани кешті көрмеген жұрт көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.


Сурет: Манап Мұрзатаев


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив