Миллиондаған қаржыға салынған емдеу мекемесі неге жабылады?
Облыстық мәслихаттың №20 округі бойынша сайланған депутат Марат Құрманбай «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында өткен «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының орындалуына арналған жиында екі депутаттық сауал қойды. Марат Серікжанұлы Семей қаласының Знаменка ауылындағы отбасылық-дәрігерлік амбулаторияны таратпау және Абыралы ауылдық ауруханасының мәртебесін сақтап қалуға қатысты мәселелерді көтерді.
Депутаттың айтуынша, Семей қаласының Знаменка ауылы келешегі бар елді мекен ретінде тірек ауылдарының қатарына енгізілген. Осыған орай елді мекеннің дамуына елеулі қаржы да бөлініпті.
Бағдарлама аясында отбасылық-дәрігерлік амбулатория салуға 76 миллион теңге қарастарылып, жаңа ғимарат 2016 жылдың 30 желтоқсанында пайдалуға берілгенімен, өз функцияларын орындауға толық дайын емес. Соның кесірінен емдеу мекемесі қазір жалдамалы ғимаратта отыр. Енді Знаменка отбасылық-дәрігерлік амбулаториясын таратып, тұрғындарды Семей қаласындағы №2 емханаға тіркеу туралы мәселе көтерілуде. Ауыл қаладан 60 шақырым қашықтықта орналасқандықтан, тұрғындардың орталыққа барып-келуіне қиын. Оның үстіне қыс мезгілінде жол жабылып қалатын да кездер болады екен. Сол себепті ауыл тұрғындары депутатқа отбасылық-дәрігерлік амбулаторияны сақтап қалу жөнінде өтініштерін білдіріпті.
Екінші мәселе бойынша Марат Серікжанұлы мынадай деректер келтірді. Абыралы ауылдық ауруханасына алты ауылдық округтің тұрғындары тіркелген. Қараөлең, Абыралы, Айнабұлақ, Ақбұлақ және бұрынғы Таңат ауылдық округтерінде барлығы бес мыңдай адам тұрады. Қазір осы ауылдық аурухананы отбасылық-дәрігерлік амбулаторияға айналдырады екен деген әңгіме жүріп жатыр. Бұл өңір ядролық сынақтардың зардаптарын көп шеккен аймақ болып табылатындықтан, жергілікті тұрғындардың денсаулығына келген зиян шексіз.
-Мен депутат ретінде, сайлаушыларымның осы өзекті проблемалаларын оңды шешуді сұраймын. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалының қолдауымен ядролық жарылыстар эпицентріне жақын елді мекендерді медициналық қызметпен қамтамасыз ету проблемаларын зерттеу үшін мүдделі құрылымдар өкілдерінің қатысуымен комиссия құрылса деген өтінішім бар, - деді депутат.
Жиынға қатысқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов таяу күндері Абыралы ауданына іссапарға баратынын, сол кезде бұл мәселелермен тереңірек танысып, бір шешім шығаратындарын жеткізді.