KZ
Өскемен
+22°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, ОШ
475.18 510.72 5.47

Қырдың қызыл сиырын әкеліп, сүтті көбейтті

23.10.2017, 08:20 290

Биылдан бастап елімізде ауыл шаруашылығын кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналаған бес жылдық бағдарламасы іске асырылып жатыр. Ауыл шаруаларына, кәсіпкерлеріне бұрын-соңды болмаған үлкен қолдау ұсынып отырған жаңа бағдарламада кооператив құру мәселесіне ерекше көңіл бөлініп отыр.


Сүт, көкөніс өндіру, мал бордақылау, жеміс-жидек, балық шаруашылығы, жүн, тері өңдеу бағыттарында құрылып жатқан кооперативтерге қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға мемлекет тарапынан несие беріліп, ол несие қаржысының тең жартысы (инвестсубсидия бағыты) мемлекеттен қайтарылып беріліп жатыр. Кооперативтерді қолдаудың екінші, үшінші тетігі бойынша кооперативтер өндірген өнімдерге де субсидия беріліп, олардың мүшелері жеңілдетілген несиемен қаматамасыз етілуде.


Семейге «Айша»мен, Көкпектіге «Толағай»мен танылды


Құлқын сәріден жолға шыққан «Молоковозды» Көкпекті ауданындағы көпшілік ауылдар күн сайын асыға күтіп отырады. Ерінбей ерте тұрып, шелектерін шүпілдете толтырып сүт өткізіп жүрген ауылдастарының тірлігін көрген олардың көрші қолаңдары да енді сауынды сиыр басын көбейтуге тырысып жатыр. Сүт өткізуден күнделікті түскен қолма-қол ақша отбасының айлығы бола алмағанымен, нан, шәйдің, ұсақ-түйектің ақысын шығаруға артығымен жетеді.


«Бір кісі құдық қазса, мың кісі су ішер» деген, көкпектілік тұрғындарды сүт өткізуге құлшындырып отырған -«Қалиханұлы» қожалығының «Толағай» сүт өңдеу цехы. Қожалық иесі Марат Қалиханұлы осы өңірдің, Тассай ауылының тумасы. 2005-жылдан бері сүтті мал шаруашылығымен айналысып келе жатқан кәсіпкердің Семей өңірінде 450 басқа арналған тауарлы сүт фермасы, Семей қаласында да сүт өңдеп, 18 түрлі өнім шығарып жатқан сүт зауыты бар. Шаруашылықтың Семейдегі сүт өнімдері көпке «Айша»деген атпен танымал.


Тамызда Көкпекті ауылында ашылған «Қалиханұлы» қожалығының «Толағай» сүт өңдеу цехына бүгінде бүкіл Көкпекті ауданының тұрғындары сүттерін өткізіп жатыр. Сүт өңдеушілерге, сүт өндірушілерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қаржылай қолдауларды ( жоғарыда жазылғандай) алу үшін ауыл тұрғындары «Толағай » және «Ерлан -Жан» сүт кооперативтерін құрып, біріккен. Сөйтіп, кооперативтің сүт жинайтын көліктері-«Молоковоз»дар мен сүт қабылдап, салқындату құралдарына кеткен шығынының тең жартысы мемлекеттен бөлінген қаржымен қайтарылып беріліпті. Сонымен бірге кооператив жинап, өткізіп отырған әр литр сүтке қазір мемлекеттен 10 теңге субсидия төленіп жатыр.


Жан-жақтағы елді-мекендерден тасымалданып жатқан сүт бүгінде аудан орталығындағы «Толағай» сүт зауытына өткізіліп, осы жерден сүт, сары май, кілегей, айран, сүзбе, қызыл ірімшік болып дүкен, базарларға жөнелтіліп отыр. Бұл шағын өндірісте он түрлі сүт өнімдері шығарылып жатыр.

Аудандағы, Семейдегі 100 ден астам бюджеттік мекемелердің дені «Қалихан» ШҚ ның Семей мен Көкпектідегі сүт зауыттарының өнімдерін пайдаланып келеді. Екі зауыттың өнімдеріне деген сұраныстың көп болуының себебі- «Қалиханұлы» ШҚ сүт өнімдерінің табиғилығында. 30-50 пайыздық жүктемемен ғана жұмыс істеп, шикізатсыз отырған сүт зауыттары сүт өнімдерін шығаруға құрғақ сүт ұнтағын пайдаланып жатқаны қазір ешкімге жасырын емес. Зияны жоқ делінгенімен біресе кептіріліп, біресе сұйылтылып, бірнеше өңдеуден өткен сүттің қасиеті бәрібір төмендей түсетіні белгілі.

Ауыл шаруашылығы министрлігі ұйымдастырған пресс-тур кезінде біз ауылдан «Толағай» сүт цехын ашып, сүт өткізушілердің басын біріктіріп сүт кооперативін құрып, бір ауданның, бір қаланың тірлігін жандандырып отырған «Қалихан» ШҚ иесі Марат Каликовтың сүт өңдеу цехында болып, кәсіпкердің өзімен әңгімелескенбіз.


-Кәсіпкерлік жолымды 2005- жылы Тассай ауылында мал шаруашылығынан бастадым. 2011-жылы «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қорынан «Сыбаға» бағдарламасы аясында 6 пайыздық несие алып, 150 бас етті бағыттағы ірі қара сатып алдым. 2009 жылдан бастап сүтті бағыттағы сиырлар сатып алып, Бесқарағай өңірінде тауарлы сүт фермасын аштым. Ресейден 105 асыл тұқымды, сүтті бағыттағы «Красно -степная» деген қырдың (далалық) қызыл сиырларын сатып әкелдім. Сөйтіп, 2011-жылдан бастап Семейде сүт өңдеумен айналыса бастадым. Мемлекеттен қолдау көріп жатырмыз, сол себепті сүт өнімдерінің бағасын көтермей, имантаразы құнын қойып, қолжетімді бағамен сатып отырмыз. Мысалы, майлылығы 3,2 пайыз бір литр сүттің бағасы 160 теңге, -деген Марат Қалиханұлы Көкпектіден ашылған «Толағай сүт» шағын кәсіпорынының да өнімдерін көбейте түспек ойда екенін айтты.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив