Мәжіліс депутаттары Шемонаиха ауданының тыныс-тіршілігімен танысты
Шемонаиха ауданында қордаланған мәселелердің бірі жол мен көпір. Сондай-ақ аудандық аурухананың да жағдайы мәз емес.
Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаты Лұқбек Тұмашинов аталған мәселелердің жуық арада шешілетінін айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ерлан Саиров пен Лұқбек Тұмашинов Шемонаиха ауданының тұрғындарымен кездесті. Аудан жұртының өтініш-тілегін тыңдаған халық қалаулылары ел көкейіндегі өзекті мәселелердің жақын арада шешілетінін жеткізді.
Аудандағы тағы бір мәселе – аурухана. Оның да құжаттары тиісті сараптамада жатыр. Медицина мекемесіне келер жылы күрделі жөндеу жүргізу жоспарланған,
Айта кетейік, Өскемен мен Шемонаиха қаласының арасындағы 123 шақырым жолдың 93 шақырымына орташа жөндеу жүргізіледі. Оған 10,3 млрд теңге қаржы бөлінген.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы облыстық филиалының хабарлауынша, жол жөндеу жұмыстарына заманауи тәсілдер қолданылмақ. Жөндеу жұмыстары аяқталғанда жол тақтайдай тегіс болады. Ал жол жөндеу жұмыстарының сапасын аудан тұрғындары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері бақылап отырмақ.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары Шемонаиха қаласында «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 300 орындық білім ордасының құрылыс жұмыстарымен танысып, аудандағы наубайхана мен сүт фермасын аралады.