«Торостың» тас-талқанын шығарды
«Торпедо» өз ойынын тапқан сияқты. Жоғары хоккей лигасы тұрақты чемпионатының 13-ші турында Б.Александров атындағы Спорт сарайында нефтекамскілік «Торосты» қабылдаған жерлестеріміз ірі жеңіске қол жеткізді.
Айта кетейік, башқұртстандық команда бұған дейін қатарынан төрт ойында жеңіске жеткен болатын. Турнирлік кестеде «Торпедодан» әлдеқайда жоғары тұрған нефтекамскілік хоккейшілер бұл кездесуде де жеңістен дәмелі еді. Алайда, айдын иелері бұған жол бермеді. Алексей Ждахин шәкірттері ірі жеңіске жетіп, қонақтарды үйлеріне құр қол қайтарды.
Кездесудің өзіне келер болсақ, матчтың алғашқы минуттарынан ойын тізгінін өз қолдарына алған өскемендік ұжым бірінші кезеңде-ақ қарсылас қақпасынан екі мәрте саңылау тауып, жеңіске бір табан жақындай түсті. «Торпедо» сапынан көзге түскен Денис Игнашин мен Евгений Рымарев болды.
Екінші кезеңде де қарқынын бәсеңдетпеген айдын иелері Денис Игнашин мен Владимир Коротковтың дәл соққылары арқасында есепті еселей түсті. Бұған қонақтар Михаил Котляревскийдің шайбасымен ғана жауап бере алды.
Ал соңғы жиырмаминуттықта ойынның нүктесін шабуылшы Максим Капитуров қойды. 5:1!
Осы жеңісінен кейін 22 ұпай жинаған өскемендік ұжым алғашқы ондыққа жақындай түсті. Қазір турнир кестесінің 12-ші сатысында тұрған «Торпедо» енді бір жеңіске жетсе, ондықтың қатарына кіруі де мүмкін. Ол үшін жерлестерімізге кеше кешке, газет беттеліп жатқан кезде өткен кезекті кездесуінде қарсыласынан басым түсу керек болатын. Айта кетейік, біріншіліктің 14-ші турында торпедолықтар өз айдынында пермьдік «Молот-Прикамьені» қабылдады