KZ
Өскемен
+10°
пасмурно жел 3 м/с, ОШ
442.05 474.14 4.74

Алаң иелері соңғы 13 секундта жеңіс шайбасын соғып кетті

4.10.2017, 03:15 93

Жоғары хоккей лигасы регулярлық чемпионатының кезекті ойын күнінде Ресейдің Чехов қаласында жергілікті «Звезда» командасымен кездескен өскемендік «Торпедо» 3:4 есебімен жеңіліс тапты.


Естеріңізге салайық, бұған дейінгі алты ойынды өз айдынында өткізген жерлестеріміз алдыңғы үшеуінде қарсыластарына жол берсе, артынша үш мәрте жеңіске жетіп, турнирлік кестедегі жағдайын біршама жақсартқан болатын.


Былтырғы регулярлық біріншілікте топ жарып, плей-офф кезеңінің ақтық сынына дейін іркілмей жеткен Алексей Ждахин шәкірттері жеңісті жолын Чехов қаласында да жалғастыруды мақсат еткені рас. Дегенмен, ресейлік команда бұған көнбеді. Чемпионатта бәрінен көп шайба соғып (33), турнирлік кестеде алтыншы орынға жайғасқан айдын иелері Өскеменнен келген қарсыластарының да қақпасын бірнеше мәрте дәл көздеді. Дәлірек айтсақ, чеховтықтар «Торпедо» қақпашысы Роман Смирягиннің қақпасынан төрт мәрте саңылау тапты. Бұған қонақтар Евгений Рымаревтің дублімен және Роман Бердниковтың дәл соққысымен ғана жауап бере алды. Қорытынды есеп 4:3.


Ең өкініштісі, айдын иелері жеңіс шайбасын кездесудің негізгі уақытының аяқталуына небәрі 13 секунд қалғанда соғып кетті.


Осы жеңілісінен кейін жеті кездесуде 10 ұпай жинаған өскемендік ұжым жарыс кестесінің 19-шы сатысына сырғыды.


Келесі кездесуін жерлестеріміз кеше кешке сырт айдында Воскресенск қаласының «Химик» хоккейшілерімен өткізді. Айта кетейік, осы аптада торпедолықтар тағы екі ойынын қонақта өткізбеді. Қарсыластың екеуі де – Қытай елінің командалары (биылдан бастап Жоғары хоккей лигасы аясындағы жарыстарға қытайлық клубтар да қатысуға мүмкіндік алып отыр). Жерлестеріміз алдымен 5 қазан, бейсенбі күні Цзилинь қаласының «Ценг Тоу» командасымен күш сынасса, артынша харбиндік «КРС Хэйлунцзян» хоккейшілерімен кездеспек (7 қазан, сенбі).


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив