KZ
Өскемен
+9°
переменная облачность жел 1 м/с, С
479.71 533.77 5.16

Салғырттық сан соқтыра жаздады

16.10.2017, 12:18 202

Өскемендік «Торпедо» қатарынан екінші ойында жеңіске жетті. Жоғары хоккей лигасы регулярлық чемпионатының кезекті турында өз айдынында альметьевскілік «Нефтяникті» қабылдаған жерлестеріміз қарсыластарынан 4:3 есебімен басым түсті.


Бір айта кетер жайт, Алексей Ждахин шәкірттері ойын барысында төрт шайба айрымасымен алда тұрған. Алайда, жеңіске тым ерте сеніп қалды ма, кім білсін, әйтеуір, матчтың 41-ші минутында шабуылшы Александр Шин салған шайбадан кейін торпедолықтар хоккей ойнауды қойды. Айдында бей-берекет қимылдар жасай бастап, тым ерте уақыт созуға көшті. Мұндайда қарсылас қарап қалсын ба?! Айдын иелері шабысының бәсеңдеп қалғанын сезген қонақтар бірден алға лап қойды. 13 минуттың ішінде Максим Хапов пен Динар Хамидуллиннің (дубль) көмегімен үш шайба салған татарстандық хоккейшілер сәл болмағанда таразы басын теңестіре жаздады. Тек бұған уақыттары жетпей қалды.


Кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында «Торпедоның» бас бапкері Алексей Ждахин матч 60 минутқа жалғасатындықтан, сирена естілмейінше хоккейшілерге ойынды тоқтатуға болмайтынын айтып, командасына кей жағдайда зейінділік, тиянақтылық жетіспей жататынын жасырмады.


– Бұлай немқұрайлы ойнауға болмайды. Себебі, бұл – Жоғары хоккей лигасы. Бүгін ойынның соңғы жиырма минутындағы салғырттығымыз сан соқтыра жаздады, – деді ол.


Айта кетейік, 4:3 есебімен аяқталған бұл кездесуде «Торпедо» сапынан Владимир Коротков, Тэннер Соренсон, Максим Капитуров пен Александр Шин көзге түсті.


Осы жеңісінен кейін өскемендік ұжым 19 ұпай жинап, турнир кестесінің 13-ші сатысына көтерілді. Кеше кешке жерлестеріміз өз айдынында тағы бір қарсыласын, нефтекамскілік «Торосты» қабылдады.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив