KZ
Өскемен
+2°
туман жел 1 м/с, С
478.93 534.96 5.16

Жарма ауданында 11 мыңға жуық үйді электр қуатымен қамтамасыз ете алатын күн электр стансасы салынады

4.10.2017, 03:24 172

Жарма ауданында өндірілетін энергия қуаты 30 мегаватқа дейін жететін заманауи күн электр стансасы салынбақ. Оның құрылысмен испандық «АRESOL» компаниясы айналысатын болады. Облыстық әкімдікте аймақ басшысы Даниал Ахметов пен шетелдік компанияның бизнесті дамыту мәселелері жөніндегі директоры Диего Луэзас арасында өткен кездесуде осы жобаны жүзеге асыруға қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды.


Айта кетейік, Шығыс Қазақстанда облыс басшылығы мен испаниялық компанияның бірлескен жобасын жүзеге асыру жұмыстары осыдан бірнеше жыл бұрын басталған-ды. Ал 2016 жылы өткен дәстүрлі «Алтай invest» форумында бұл жөнінде ресми түрде жарияланып, тараптар әріптестік туралы тиісті меморандумға қол қойған. Осы орайда, құны 43 миллион АҚШ долларын құрайтын жобаның салтанатты таныстырылымы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінде өткенін айта кеткен абзал.


Жоғарыда айтылғандай, болашақ стансаның болжамды қуаты да белгілі – шамамен 35 мегаватт. Мамандар есебі бойынша, бұл 11 мыңға жуық үйді электр қуатымен қамтамасыз етуге жеткілікті.


Облыс әкімдігі шетелдік инвесторларға Жарма ауданынан тиісті жер учаскесін де бөліп қойыпты. Тағы бір айта кетерлігі, аталмыш жоба еліміздің Энергетика министрлігі энергия өндіруші ұйымдарының тізіміне енген.


– Біздің компания 1981 жылы құрылған. Алғашында дербес электр энергиясын өндіру құрылғыларын тек өз елімізде, Испания аумағында ғана орнататынбыз. Уақыт өте келе, кәсібіміз дамып, шетелдік нарыққа да шықтық. Өз басым бұған дейін Испания мен Бразилияда дәл осындай жобаларды жүзеге асыруға қатыстым. Енді сіздердің елдеріңізде де, Шығыс Қазақстан өңірінде де күн көзінен қуат алатын станса салмақ ойымыз бар, – деген Диего Луэзас мырза «АRESOL» компаниясы бұдан бөлек шағын су электр стансаларын салып, биомасса мен биогаз өндірумен айналысатынын да атап өтті.

Оның айтуынша, аталмыш жобаны жүзеге асыру арқылы аймақтағы ауаға тарайтын көмірқышқыл газының мөлшерін бірнеше есеге азайтуға болады.


Заманауи күн электр стансасын «Жаңғыз Солар» ЖШС салмақ. Құрылыс жұмыстары келер жылдың мамыр айында басталып, жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда. Сонымен қатар, белгілі түркиялық компаниямен күн батареяларын орнатуға қажетті 60 мың таған сатып алу жөнінде тиісті келісімшарт жасалған.


Кездесу барысында аймақ басшысы Даниал Ахметов бұл жоба Шығыс Қазақстан облысы үшін аса маңызды екенін айта келе, шетелдік компания басшылығымен стансаның қуаттылығын арттыру, сонымен қатар, өңірдің өзге аудандарында да осындай нысандар салу жөнінде келіссөздер жүргізуге әзір екенін жеткізді.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив