KZ
Өскемен
+15°
пасмурно жел 5 м/с, В
443.72 482.28 4.9

Жаңа маусым торпедолықтар үшін сәтті басталды деп айтуға келмейді

21.09.2017, 05:16 145

Өскемендік «Торпедо» жаңа маусымдағы алғашқы жеңісін тойлады. Жоғары хоккей лигасы регулярлық чемпионатының төртінші туры аясында өз айдынында Красноярскінің «Сокол» командасын қабылдаған Алексей Ждахин шәкірттері қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсті.


Жалпы, жаңа маусым торпедолықтар үшін сәтті басталды деп айтуға келмейді. Алғашқы үш ойында жеңіліс тапқан жерлестеріміз турнир кестесінің төменгі жағына сырғып кетті. Былтырғы біріншілікте топ жарып, артынша плей-офф кезеңінің ақтық сынына дейін жеткен командадан жанкүйерлер қауымы маусымашар ойындарда өзге нәтижені күткені рас.


Естеріңізге салайық, өскемендік ұжым чемпионаттағы алғашқы кездесуінде Қорғанның «Зауральесіне» овертаймда 3:4 есебімен жол берсе, артынша түмендік «Рубиннен» 3:6 есебімен ойсырай ұтылған болатын. Бұдан кейінгі ойында да хоккейшілерімізге сәттілік жолдас болған жоқ. Б.Александров атындағы Спорт сарайында бітіспес қарсыластарының бірі – Қарағандының «Сарыарқасын» қабылдаған жерлестеріміз матчтан кейінгі буллиттер сериясында жеңіліс тапты. 1:2

Осы болар, красноярскілік хоккейшілермен өткен кездесуді тамашалауға халық әдеттегіден аз жиналды.


Дегенмен, бұл кеште «Торпедо» былтырғыдай әдемі ойын өрнегін көрсетіп, жиналған жұртшылықты жарқын жеңіспен қуантты. Өткен кездесулермен салыстырғанда, бұл жолы өскемендік команда қорғаныста да сауатты ойнап, шабуылда да мүмкіндіктерін мүлт жібермеді. Әсіресе, Александр Шиннің ойынын ерекше атап өткен орынды. «Торпедоның» тәжірибелі шабуылшысы матчтың екінші кезеңі бастала салысымен нәтижелі соққысымен көзге түссе, артынша тағы бір шайба соғып, таблодағы есепті еселей түсті. Бір айта кетерлігі, екінші шайба соғылар тұста қонақтар бір ойыншы басымдығына ие болып тұрған-ды. Соған қарамастан, өз қақпаларын голдан аман сақтап қала алмады. Бұдан кейін абдырап қалған «Сокол» хоккейшілері өз қақпаларына үшінші шайба жіберіп алды. Нәтижелі соққының авторы – астаналық «Барыстан» ауысып келген шабуылшы Дмитрий Гренц.


Екінші кезең соңына дейін ресейлік команда есеп айырмасын екі шайбаға дейін қысқартқанымен, матчтағы соңғы нүктені «Торпедо» шабуылшысы Евгений Рымарев қойды. Қорытынды есеп 4:1.

Келесі кездесуін өскемендік хоккейшілер бүгін өз айдынында ангарскілік «Ермак» командасымен өткізеді. Ойынның басталуы кешкі сағат 18.30-да.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив