KZ
Өскемен
+28°
переменная облачность жел 5 м/с, ОБ
443.44 480.51 4.88

Өскеменде құрбан айт мерекесі биыл ерекше тойланбақ

23.08.2017, 11:10 256

Биылғы Құрбан айт мейрамы қыркүйектің бірінен басталады. Өскемен өңірі бойынша айт намазды таңғы сағат жетіде оқиды. Бұл туралы облыстық «Халифа Алтай» мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай баспасөз мәслихатына айтты.


Жылына бір келетін мұсылмандардың мүбәрак мерекесін өскемендіктер биыл айрықша атап өтеді. Айт намаздан шыққан жұрт әуелі мешіт маңында ұйымдастырылған мерекелік шараларды тамашалай алады. Бұл – жыл сайын өтіп келе жатқан дәстүрлі шара. Өткен жылдардан өзгешелігі сол, жүлде қоры бір миллион теңгелік ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтпек. Ол сайыс әртүрлі қашықтықта ат жарыстарын, палуандар күресін, қыз қуу мен теңге ілу сынды ұлттық ойындарды қамтиды. Мұндай ұлттық спорт бәсекесі Құрбан айт мерекесінде Өскеменде тұңғыш рет өткелі отыр. Бас имамның айтуынша, бұл шара айттың бірінші күні түске дейінгі сағат он мөлшерінде Меновное атшабарында басталады. Ал құрбан шалатын орын биыл да Шығыс ауылының жанында болады деп белгіленіпті.


– Құбандық малды сатып алатын адам міндетті түрде саудаласып алуы керек. Саудаласудың сауабы болады. Ал құрбандыққа жылқыдан басқа, он екі мүшесі сау түліктердің бәрі жарайды. Тек әр түліктің құрбандық етуге жасы толуы шарт, – деді Ермек қажы Мұқатай.


Бұл күні жаратушының разылығы үшін жалғыз ұлын құрбандыққа шалуға бекінген Ибраһим пайғамбардың тақуалығы мен аспаннан көк қошқарды түсіріп берген шапағатшыл Алланың ізгілігін білетін мұсылманның дені құрбан шалатыны ақиқат. Әйтсе де, әлеуметтік жағдайы төмен жандарға құрбандық шалмаса да болатынын айтты.


Ал айттың үшінші күні облыстық мешітте көмекке зәру жандарға арналған қайырымдылық шарасы өтеді. Яғни, айт күндері мейірімді жандардан жиналған садақалар мен құрбандық малдың еттерін үлестіреді.

– Қазір мешітте осыған байланысты үлкен жұмыстар істеліп жатыр. Облыс әкімі Даниал Кенжетайұлының қолдауымен үлкен жұмыстар істедік. Ол кісі бюджет қаражатына жатпайтын есептен бізге қыруар көмек жасады. Алла разы болсын, – деді бас имам.


Алыс-жуықтағы ағайындар бір-бірін мерекемен құттықтап, дос-жаран бір-бірінің есігін ашатын айтулы мерекенің соңғы екі күні демалыс күндерімен тұспа-тұс келіп отыр. Демек, биылғы Айт мерекесі ағайын-туыстарды алаңсыз қыдыратын мүмкіндік тудырып отыр.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив