KZ
Өскемен
+7°
облачно с прояснениями жел 0,2 м/с, СБ
439.43 473.31 4.82

Құрбан айт: бұл мереке өзге елдерде қалай тойланады?

21.08.2018, 03:00 250

Құрбан айт – мұсылмандардың ең маңызды мейрамдарының бірі. Ораза айы аяқталғаннан кейін 70-ші күні тойланады. Араб тілінен аударғанда, «құрбан шалу мерекесі» деген мағынаны білдіреді. Мұсылмандар бұл күні қой, сиыр немесе түйені құрбандыққа шалады. Мерекенің алғашқы күнінде айт намаз оқылады, ал қалған күндерінде адамдар бір-бірін құттықтап, ақ дастарқан басына шақырады.



Құрбан айттың тарихы қандай?


Құранда бұл мерекенің пайда болуы Ибраһим пайғамбардың өмірімен байланыстырылып, сипатталған. Аллаһның бұйыруы бойынша бірінші құрбандық Ибрагим Пайғамбардың сүйікті баласы – Исмаил болуы керек еді. Не әкесі, не баласы қарсы болған жоқ. Аллаһ әкесі мен баласының өзіне берілгендігіне көз жеткізіп, оларды құрбандыққа шалған жұмақтан аспан түстес көк қошқарды түсіріп, оларға мейірім түсірді. Содан бері дәстүр жалғасын табуда.


Мейрам қашан тойланады?


Құрбан айтты мереке күнінен бір күн бұрын кешкі намаздан кейін тойлай бастайды. Мерекелік намаздан кейін бірден құрбан шалып, бұл үш күнге созылады.  Құрбанға шалынған малдың  етінің үштен бір бөлігін шикідей туыс-ағайындарға, тағы бір бөлігін – мұқтаж жандарға, қалғанын өзіне қалдыру керек.  Мейрам күндері міндетті түрде ақ дастархан жабылып, туыстары мен достарына дәм татқызады.


Құрбан айтты басқа елдерде қалай атап өтеді?


Баршаға ортақ мейрам болғанымен, әр елде бұл мереке өзінше, ұлттық ерекшелігіне қарай атап өтіледі.



Мысалы, Марокконың халқы бұл күнді дінпи және отбасылық атмосферада өткізеді. Олар мароккандық ұлттық тағамдар әзірлеп, дәстүрлі ұлттық киімдерін киеді. Мұнда Құрбан айт мейрамын Ид аль-Адх деп атайды. Мереке мешітте таңғы намаз оқу мен уағыз тыңдаудан басталады. Одан кейін құрбандық шалынады. Құрбан шалуда да өзіндік ерекшеліктері бар: ер адамдар малды сойғанға дейін әйелдер оның басына қына салады екен. Ол мейрамның басталғанын білдіреді. Сондай-ақ, меейрам дастарханға мароккандық тәтті тағамдар мен шәй қойылмай, тойланбайды.


Ал Түркияда Құрбан айтқа бірнеше апта бұрын дайындала бастайтын көрінеді. Бұл елдің кейбір аймақтарында ерекше діни жоралар жүргізіледі: құрбанға шалаты малды жуындырып, қынамен бояп, түрлі лента және қоңыраулармен әшекейлейді. Мұндай жора исламда жазылмаған болса да, ежелден халықтың дәстүріне сіңіп кеткен салт болып табылады.


Ауғанстанда мейрамның барлық күндерінде халық демалады. Алғашқы күні таңертең жұрт тегіс мешітке барып, мерекелік намаз оқиды. Намаздан кейін құрбан шалып, етті үлестіреді. Үш күн бойы туыстары мен достарына қонаққа бару міндетті екен.  Мереке күндері көшеде әуен ойнап, жұрт уақытын көңілді өткізеді.


Мысырда мереке Меккеге қажылыққа барғаннан кейін басталады екен. Мейрам әдетте үш-төрт күнге созылады. Құрбанға қой немесе түйе сойылып, оның етінен мерекелік және ұлттық тағамдар әзірленеді. Көшені бойлай мерекелік дастархандар жайылып, барлық  адамдар одан дәм татуға тиіс.  Бұл күндері балаларға ерекше көңіл бөлінеді: бүлдіршіндерге жаңа киім кигізіп, ойыншықтар мен тәтті тағамдар сатып алып береді, саябақтарға қыдыртып, аттракциондарда ойнатады екен.  Айт намазынан кейін мысырлықтар туыстарына қонаққа барып, өздер де қонақ күтеді.



Байқағандарыңыздай, мерекені тойлауда әр елдң өзіндік ерекшеліктері бар, бірақ мейрамның басты мағынасы баршаға ортақ. AltayNews сайтының ұжымы оқырмандарын Құрбан айт мерекесімен құттықтап, дастарқандарыңызға молшылық, жақындарыңыз бен туғандарыңызға денсаулық пен бақыт тілейді.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив