KZ
Өскемен
+9°
туман жел 3 м/с, ОШ
442.05 474.14 4.74

ШҚО-да соңғы жылдары үйленген жастардың 50 пайызға жуығы ажырасып кеткен

24.07.2017, 04:12 167

ШҚО әділет департаменті азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Әлия Қырықпаеваның айтуынша, осыдан 15 жылдай бұрын 2002 жылы облыста 8819 неке тіркелсе, оның 3834-і, яғни жартысына жуығы (43%) қайта бөлінген.


Оның 3294-і сот шешімімен, 540-ы тараптардың өзара келісімі бойынша бұзылған. Бұл үрдіс 2010 жылға дейін сақталған. Осы жылы үйленгендердің 38 пайызы, 2011 жылы бас қосқандардың 35, мұнан кейінгі жылда 36 пайызы ажырасып тынған. Ал 2013, 2014, 2015 жылдары барлық некеге тұрғандардың сәйкесінше, 38, 40, 46 пайыздарының дәм-тұздары жараспай, жолдары екі айрылған.


– Көрсеткіштер соңғы екі жылда да көңіл көншітпейді. Мәселен, 2016 жылы 10460 неке тіркесек, ажырасу 4947 болды. Ағымдағы жылдың алты айындағы неке саны 4189 болса, ажырасу 2595-ке жетті. Ең алаңдататыны, жыл сайын неке саны азайып, керісінше ажырасулар көрсеткіші көбейіп барады, - дейді Әлия Қырықпаева.


АХАТ бөлімі басшысының айтуынша, талдама көрсеткендей, некелерін бұзуға өтініш беретін отбасылық жұптардың көбінде бала болмайды немесе бір ғана бала болады. Бұл отбасылық өмірдің ұзаққа созылмағандығын байқатады екен. Аталған санатқа жататын ажырасқан жас жұптардың басым дені ары кетсе 3-5 жыл, тіпті, бір жыл ғана бір шаңырақ астында тұрғандар. Ал керісінше екі немесе одан да көп балалы отбасыларда ажырасу саны әлдеқайда аз тіркелетін көрінеді. Мамандар мұны балалардың бәрібір отбасылық өмірді жалғастырудағы негізгі ынталандырушы күш екендігімен байланыстырады.

Сонымен қатар, ажырасып жатқандардың көбі ерлерде де, әйелдерде де 30-40 аралығындағы орта жас шамасындағылар. Ал сол кезеңмен салыстырғанда ажырасушылардың арасындағы жоғары білімділер саны да әлдеқайда өсіпті. Мамандар некені бұзуға қай уақытта болсын әйелдер жағы бірінші болып бастама көтеретінін де алға тартады.


– Ажырасуға арыз берушілер мен сот шешімдерінде көп жағдайда «мінездеріміз жараспады» деген жаттанды сөз көрсетіліп жатады. Меніңше, мұның бәрі бекер сөз. Мамандардың басым дені егер 90-шы жылдарда, 2000-шы жылдар басында некені бұзуға шынымен де жұмыссыздық, қаржы тапшылығы, отбасын қамтамасыз ету мүмкіндігінің жоқтығы секілді әлеуметтік-экономикалық қиындықтар себеп болса, бүгінде бірінші кезекке ерлі-зайыптылардың отбасылық өмірге дайындықсыздығы, қаржылық және тұрмыстық мәселелерді бірге шеше алмаулары мен құлықсыздықтары шығып отыр деген пікірде. Жастардың басым дені отбасын құра салуға қандай жауапсыз қараса, некені бұза салуға да дәл солай жауапсыз қарайды. Егер екі жастың бірінің бірлескен өмірге көңілі толмаса, ондай отбасын сақтап қалу мүмкін емес, - дейді Әлия Көшкінбайқызы.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив