ШҚО-да инженерлік коммуникацияға мұқтаж бизнес нысандарына көмек көрсетіледі
Өңірдегі 100-ден астам шағын және орта бизнес нысаны инженерлік коммуникацияға мұқтаж. Облыс басшысы Даниал Ахметов осы мәселенің мән-жайын анықтау үшін арнайы жұмыс тобын құруды тапсырды.
Бұл жұмыс тобы шағын және орта бизнес нысандарына қажетті инфрақұрылым қалыптастыру бойынша көмек көрсететін болады. Өйткені, өңірдегі жүзден астам бизнес нысанына электр желісі мен су құбырының жоқтығы тұсау болып тұр. Топтың құрамына энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының, құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының, облыстық кәсіпкерлер палатасының мүшелері кіреді. Бір ай ішінде бұл топ әр жобаға қажетті инфрақұрылым тартудың қаншалықты тиімді әрі негізді екенін анықтауы тиіс.
Осы талдаудан кейін жоба жетекшілері өзінің бизнес жоспарын облыс әкімінің алдында қорғайтын болады. Кездесу барысында жобалардың тағдыры шешіліп, ойға қонымдыларына бюджеттен көмек қаржы бөлінеді. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Игорь Шацкий бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда кемінде 500 жұмыс орны ашылатынын айтты.
Шағын және орта бизнес өкілдеріне көрсетілетін мемлекеттік қызмет бұдан былай «бір терезе» жүйесіне көшуі мүмкін. Аймақ басшысы бұл тұрғыда Қызылорда облысының тәжірибесін негізге алуды жүктеп отыр.
-Қызылорда облысының кәсіпкерлері электр желісі мен су құбырын іске қосу, бос жатқан жерлердің тізімін беру сынды қызметтің бәрін бір терезеден алады. Бізге де осындай жүйе қажет, - дейді Игорь Шацкий.
Бұл мәселе бойынша тиісті басқармалар жергілікті палатамен бірге нақты ұсыныс енгізуі қажет. Жаңа орталық сол ұсыныс негізінде ашылмақ.