KZ
Өскемен
+4°
пасмурно жел 1 м/с, С
488.26 530.54 5.03

Аллергияға терек түбітінің ешқандай қатысы жоқ,- дейді мамандар

10.06.2017, 18:00 164



Маусым айында айнала тағы аппақ мамыққа оранды. Бұл жолғы мамықтар тұрғындарға, әсіресе аллергиясы бар адамдарға өте қолайсыз. Дені сау жандардың өздері теректің түбітінің үсті-бастарына жабысқанынан әбден мезі болған. Біреулерге мамықтың бет-ауыздарын жыбырлататыны ұнамаса, енді біреулері темір тұлпарын сүрткіштеп, тазалаумен жүреді. Қалай десек те, қолайсыздық тудыратыны сөзсіз. Сонда бұл мамықпен күресудің жолдары бар ма екен?

Қалалық әкімдіктің тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолы бөлімінің мамандары шаһарды мамыққа орайтын теректерді жаппай шабуға жол берілмейтінін айтты. Мердігерлер тек қызыл жолақтың ішіндегі, бұтақтары қурап қалған ағаштарды ғана отайды екен. Ал аулалардағы ағаштарды кесу-кеспеу жеке пәтер иелері кооперативінің құзырына берілген.

Теректің түбіті – ешқандай аллерген емес

Өскемен қаласындағы амбулаториялық орталықтың аллерголог дәрігері Светлана Третьякова кейбір науқастардың аллергиясының қозуына теректің түбітінің еш қатысы жоқтығын айтады.

-Біз Алматы қаласындағы республикалық аллергиялық орталыққа кезінде мамықтың қандай аллерген екенін анықтау үшін бірнеше рет сараптама да жасатқанбыз. Олардың қорытындылары бойынша теректің түбіті – ешқандай аллерген емес. Аллергияны қоздыратын - шөптер, - деп сеніммен айтады дәрігер.

Сәуір айынан бастап көшелерде, газондарда аллергияны қоздыратын шөптер қаулап шығады. Аулалардағы шөптердің биіктігі кейде адамның кеудесіне дейін жетіп қалады. Сол мезгілде аллергияға бейім жандардың көзі, мұрны қышып, су ағады, жөтел пайда болады. Кейбіреуінің терісі бөртіп, қызарады. Алайда аллерголог бұл аллергендерді шөптердің тозаңы таратанынын айтады. Осыдан он-он бес жыл бұрын науқастардың аллергиясы ағаштар бүр жарған кезде, шөптер гүлдегенде маусым-маусыммен қозса, қазір сәуірден қоңыр күзге дейін жүріп алады екен. Әсіресе желді, құрғақ күндері қиын науқастарға. Бүгінде бұл дертен жауынның да құтқармайтыны анықталыпты.

- Жаңбыр шөптердің тозаңын басады дегеннің де жаңсақ пікір екенін соңғы кездері ғалымдар дәлелдеді. Керісінше, жаңбыр кезінде тозаңның микробөлшектері тыныс жолдарына кетіп, тұрып қалуы мүмкін. Бұдан адамда кенеттен бронхалды астма дерті пайда болуы да мүмкін. Өткен жылы бізде бронхалды астманың эпидемиясы болды. Өйткені жиі жел тұрып, жаз жаңбырлы болды. Ал теректі кесу мүлде дұрыс емес! Біздің алып кәсіпорындар, көліктер шығаратын будақтаған түтіндерді залалсыздандыратын, ауаны оттегімен байытатын - осы жасыл желекті теректер, - деп қорытындылады сөзін дәрігер. Шынында да, көмір қышқыл газын жұтып, оттегін ең көп бөлетін ағаш - терек екен.

Айна Ескенқызы




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив