Өскемен қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық мұрағаты қазақтың біртуар қайраткер ұлы, «Алаш» партиясы көшбасшыларының бірі - Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған «Алаш туы аясында» атты фотоқұжаттық көрме өткізді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Алаш арыстарын, олардың халқы үшін атқарған жанкешті еңбектері мен сол жолда тәлкекке ұшыраған адам айтса нанғысыз ауыр тағдырларына жеке-жеке тоқталып, лайықты баға берілген ерекше шараға БАҚ өкілдері мен ішкі істер органы, кітапхана, мұражай қызметкерлері, тарих факультетінің студенттері, сонымен қатар, бірқатар қаламгерлер қатысты. Бұрын-соңды болмаған мұндай көрменің таңдаған тақырыбын айтпағандағы атап өтер ерекшелігі - аталмыш шара барысында алғаш рет облыстық ішкі істер департаментің ақпараттық-аналитикалық орталығының арнаулы мұрағатында айқындалған «Алаш» партиясы мүшелерінің қызметі туралы мұрағаттық құжаттар көрсетілді.
Мұрағаттың бөлім меңгерушісі Т.Шустованың, бөлім мұрағатшысы Р.Құрманалиева мен аудармашы А.Сейтқазинаның жасаған тарихи деректерге толы баяндамалары жиналғандарды бейжай қалдырмады. Кесірі талай ұлтқа тиген кеңес заманының қазақ қайраткерлеріне, ұлт көсемдеріне нақақ жапқан жалалары, сол кездегі қандықол қызыл террордың Алаш арыстарын қандай желеулермен тұтқындап, итжеккенге айдатқандары, елім деп еңіреген есілдердің бірін қалдырмай қалай асып, қалай атқандары бұлтартпас дәлел-дәйектермен келтірілгенде, отырғандар әлдебір жан түршіктірерлік қорқынышты фильм көріп отырғандай әсерде қалды. Фильм демекші, кеш барысында оқылған баяндамаларды әріптесіміз, ардагер журналист Шәкерхан Әзмұхамбетов пен танымал режиссер Саид Фазыловтың бірлесіп түсірген деректі фильмі нақтылай, әрлей түсті.
Алаш тақырыбы - біздің ұлтымыз үшін әрі қасіретті, әрі қасиетті тақырып. Алаш тақырыбына сөз қозғағанда, тебіренбей, толғанбай, ашынбай, я болмаса, өкінбей сөйлеу мүмкін емес. Тұтас бір халықтың болашағына аяусыз балта шауып, енді ғана тәй-тәй басқан ұлттық мақсат-мұраттарын ұясында тұншықтырған тарихи зорлық-зомбылықты қарт тарихтың ақтаңдақ беттерінен ешкімнің де, ешқашанда өшіріп тастай алмасы белгілі. Адам қолымен, саналы түрде жасалған мұндай қатыгездік пен қаныпезерлікті, сұмпайылық пен зымияндықты жер бетіндегі бір халықтың тарихынан кездестіре алмайсың. Алаш тақырыбы бізге сонысымен де қасіретті, сонысымен де қасиетті.
Жиын барысында сөз алған ел азаматтары Алдияр Әубәкіровтің, Достық үйі өкілі Лео Шиктің тебірене сөйлеген сөздері де осы межеден көрініп, көпшілік көңілінен шықты. Бұрын-соңды еш жерде өтпеген осындай ерекше кешті ұйымдастыра білген мұрағат қызметкерлеріне шынайы ризашылығын білдірген Лео Богданович ақсақал: - Алаш арыстарына тікелей қатысты дәл осындай, ащы да болса, ақиқатты айтатын мағынасы терең, мазмұнды шараны өңіріміздегі барлық мектептер мен жоғары, орта оқу орындарында ұйымдастыру керектігін, сол арқылы тәуелсіздігіміздің құрдастары саналатын жас ұрпаққа осы күннің жайдан-жай келе салмағандығын ұқтыруымыз керек, - деген ұсыныс айтты.
- Олар туған халқын қалтқысыз сүйгендері үшін нақақтан-нақақ жала жабылып, өлім жазасына кесілген ұлт көшбасшылары болатын. Бірақ, олардың өздері өлгенімен, бастаған игі істері, халыққа атқарған ұшан-теңіз қызметтері, ұлт үшін ешнәрседен қаймықпай отқа түскен ерліктері мәңгілік жасайтын болады. Бертінге дейін ұлтымыздың марқасқа ұлдары Әлихан мен Ахметтің, Міржақып пен Жүсіпбектің, Сәкен мен Ілияс, Халел, Жаһанша Досмұхамедовтің, Райымжан Мәрсеков пен Әлімхан Ермеков, Жақып Ақбаев және басқа да тұлғалы азаматтардың аттарын атауға тыйым салынған кезең де болған. Олар туралы әңгіме айтқан кез келген адам түрлі қуғындауға ұшырайтын. Еліміз өз тәуелсіздігін жариялағанға дейінгі кезеңде бұл деректер ерекше құпия сақталып келді. Әлі күнге дейін шаң басқан архив сөрелерінде толығымен алып танысуға, бұқара халыққа жариялауға болмайтын бұлтартпас фактілерге толы құжаттар бар. Жасырып-жабары жоқ, қаладағы қайсыбір көше атауларының сол замандағы қанды қасапқа белсене атсалысқан қызыл комиссарлардың есімдерімен аталып, керісінше, халқымыз үшін, оның болашағы үшін жандарын пида еткен арыстарымыздың есімдерінің бүгінгі күнге дейін ескерусіз қалып келе жатқандығы арқамызға аяздай батады. Бұл жерде көзге көріне бермейтін кедергілердің бұғып жатқандығы бесенеден белгілі. Болашақта осындай олқылықтардың орнын толтырып, алаш арыстарының лайықты бағасын беру, олардың атқарған ізгі бастамалары мен мақсат-мұраттарын жалғастыру - бүгінгі ұрпақтың мойнындағы парызы. Ал парыз өтелмесе, қарыз болып қаларын өздеріңіз білесіздер, - деді облыстық мұрағат директоры, қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков жиынды қорытындылай келе.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен биыл наурыздың 1-і қазақстандықтар үшін «Алғыс айту» мерекесі болып жарияланып, қазақ халқына, оның қиын-қыстау кезеңдерде түрлі себептермен қазақ даласына босып келген аш-жалаңаш, жетім-жесірлерге пана бола білген бауырмалдығына қатысты біраз ақиқат айтылған. Алаш тақырыбы да - Орыс бодандығынан босап шығып, азат ел болам! - деген Алаш арыстарының ұлы идеялары мен олардың адам төзгісіз талайлы тағдырлары да еш бүгежектемей жалпақ әлемге жария етілуі тиіс ұлы тақырыптардың бірегейі.
- Не шықса да, мұрағаттан шығады демекші, мұрағаттың шаң басқан сөрелерінде не жоқ? Бабаларымыздың алтын басы да, халқымыздың нақақ төгілген қан аралас көзінің жасы да сол мұрағатта хаттаулы әрі сақтаулы.
Егемендігіміздің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында жүз жылға жуық бүркемеленіп, тар қапаста тұншықтырылып келген ащы да болса осы бір ақиқат жарыққа шығып жатса, арыстарымыздың аруақтары да разы болар еді.