KZ
Өскемен
+15°
ясно жел 2 м/с, В
467.29 501.03 5.35

Назарбаев Орталығында «Сақ Көсемінің Қорғаны» атты жаңа зал ашылды

28.08.2013, 18:00 207


Назарбаев Орталығында Конституция күні мерекесіне орай, 29-тамызда «Сақ Көсемінің Қорғаны» атты жаңа зал салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі орталықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Сақ Көсемінің Қорғаны» экспозициялық залы атақты Берел қорғанына жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесі болып табылады.

Назарбаев Орталығында   «Сақ Көсемінің Қорғаны»  атты жаңа зал ашылдыНазарбаев Орталығының арнайы жасақталған залына 40 экспонаттың түпнұсқасы қойылды. Оның ішіндеер адам мен әйел адамның саркофагы, 3 аттың қаңқасы, жылқыларға салтанатты жағдайда кигізілетін әбзелдердің қалпына келтірілген түрі және осы әбзелдердің жекелеген бөліктері бар.

Көсемді немесе көшпелі ақсүйек өкілін қабірлеудегі жылқының экспозициялық жинақтама бейнесі замандастарымызды Берелдің байырғы тұрғындарының жұмбақ әлеміне жетелейді.

Бұл жерде органикалық экспонаттардың дұрыс сақталуына барлық жағдай жасалған. Тіпті ауаның ылғалдылығына дейін бақыланып отырады.

Назарбаев Орталығында   «Сақ Көсемінің Қорғаны»  атты жаңа зал ашылдыБерел қорымы Қазақтың Алтай жерінде, Шығыс Қазақстан облысының Қатонқарағай ауданындағы өзі аттас ауылдан оңтүстік батысқа қарай 7 шақырым қашықтықта орналасқан. Ол таспен қаланған 31 обадан тұрады. Қорым Бұқтырма өзенінің оң жағасындағы биік таулы әсем жазықта теңіз деңгейінен 1120 метр биіктікте тұр. Берел обаларының деректеріне 1998 жылдан ғылыми және реставрациялық жұмыс жүргізіле бастады.
Берел қорымындағы ірі обалардың біріне (№11 оба) Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының халықаралық археологиялық экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізді. Ресей, Италия, Франция мемлекеттерінен мамандар арнайы шақырылды.

Назарбаев Орталығында   «Сақ Көсемінің Қорғаны»  атты жаңа зал ашылдыЭкспедицияға Берел обаларын тапқан қазақтың белгілі археологы Зайнолла Самашев жетекшілік етті. Қайталанбас әрі аса құнды қазбаларды қайта қалпына келтіру жұмыстарымен суретші-реставратор Қырым Алтынбеков айналысты.

Берелден табылған қазбалар еліміздің мәдени және ғылыми өміріндегі айтулы оқиға болды. Қорымда жүргізілген қазба жұмыстары б.з.д. І мыңжылдықтың екінші жартысы мен аяғындағы Қазақтың Алтайын мекендеген халықтың мәдениетін танып білуге жағдай жасады. Қазбалардың басым бөлігі №11 обадан табылды. Мәңгі тоң линзасы обадан табылған артефактілердің бүгінгі күнге бұзылмай жетуіне себепші болды және б.з.д. IV-III ғасырларда өмір сүрген Сақ көсеміне тиесілі салт аттың салтанатпен жабдықталған әбзелдеріне нақты ғылыми әрі толымды реконструкция жасау мүмкіндігін туғызды.

Ресми рәсімде Назарбаев орталығы директорының ғылыми-гуманитарлық жұмыс жөніндегі орынбасары, философия докторы, Еуропа Өнер одағының лауреаты Лейла Махат, Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, Берел қорғанын халыққа танытушы Зайнолла Самашев, танымал тюрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков сөз сөйледі.

Назарбаев Орталығында   «Сақ Көсемінің Қорғаны»  атты жаңа зал ашылды«Осы қорғаннан табылған мұралар қазақ халқының бай тарихының тұтас бір кезеңін құрайды. Осыған қарап біз ылғи далада малмен бірге жөңкіліп жүрмегенімізге көз жеткіземіз. Біз отырықшыл мәдениеті болған халықпыз. Өркениет жасаған елміз. Сол заманның өзіңде біздің патшаларымыз алтын сарайларда тұрған. Біздің патшаларымыз алтыннан киім киген. Мінген аттарын алтынмен көмкерген.
Мен Сақ көсемінің қорымын тапқан Зейнолла Самашевқа және қалпына келтірген Қырым Алтынбековке алғыс айтамын» деді профессор Мырзатай Жолдасбеков.

«Берелді біз 1998 жылы бастағанбыз. Әлі де жұмыстары жүріп жатыр. Берелдің алғашқы қортындыларының бірі біздің еліміздің мәдениеті мен ғылымның кәдесіне жарағанына мен өте қуаныштымын. Берелден табылған алғашқы жәдігерлер Назарбаев Орталығында қалпына келтірілді. Бұған дейін Берелден табылған жәдігерлер бүкіл елдің атынан шет мемлекеттерге көрсетілді. Жылдың басында Германияда үлкен көрме болды. Оған Назарбаев Орталығында тұрған Берелге қатысы бар дүниелердің барлығы апарылды. Берелдегі жәдігерлердің 1 жылдай Америкада тұрғанын да айта кетуіміз керек. Өте разымыз, оған жағдай жасап отырған мынау Назарбаев Орталығы, оның қызметкерлеріне алғыс айтамыз. Осы берел залын ашып жатқандарыңызға көп рахмет», деді өз сөзінде археолог-ғалым З.Самашев.

Оларға Назарбаев орталығының атынан Алғыс хат тапсырылды және жаңа залдың жібек жібін кесу құметі берілді.

ҚР Президент Кеңсесі мен Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының қолдауымен ашылған залдың тұсаукесер рәсіміне ҚР Президент Әкімшілігінің қызметкерлері, ҚР Үкіметінің мүшелері, мемлекеттік органдардың (министрліктер мен агенттіктер), дипломатиялық корпустардың, жоғарғы оқу орындарының өкілдері, қоғам қайраткерлері және ғалымдар қатысты.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив