KZ
Өскемен
+22°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, ОБ
471.46 504.79 5.53

ШҚО әкімі Литва Республикасының елшісі Витаутас Наудужасты қабылдады

11.05.2017, 18:00 146



Аймақ басшысы Даниал Ахметов кеше Литва Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Витаутас Наудужасты қабылдады. Тараптар арасында екі жақты байланысты нығайту жайы жан-жақты сөз етілді.

Облыс басшысы бірінші кезекте өзінің бұдан бұрын Литва жерінде бірнеше мәрте болғанын, елдің жағдайымен жақсы таныс екендігін атай келе, мәртебелі мейманға өңірдің қазіргі әлеуметтік-экономикалық дамуы, жетістіктері, тарихы мен мәдениетін қысқаша баяндап берді.

– Біздің облысқа ат басын тірегеніңізге аса қуаныштымын – деді Даниал Ахметов. – Шығыс Қазақстан еліміздегі ірі өндірістік әлеуетке ие аймақ. Мұнда түсті металлургия, атом саласы жақсы дамыған. Әлемдік титанның 25 пайызы осында өндіріледі. Сонымен қатар, ауылшаруашылығы, оның ішінде егін, сүт өнімдерін өндіру, омарта шаруашылығы жақсы дамыған. Мәселен, сүт өндіруде республикада алдыңғы орында тұрмыз, жылына 1 млн. тонна сүн өндіріледі. Қазіргі уақытта отандық өнімді сертификаттап, Қазақстаннан тысқары елдерге шығаруға, нақтырақ айтсақ, Қытай Халық Республикасының ШҰАР аймағына экспорттауға жұмыс істеп жатырмыз.

Сонымен қатар, аймақ әкімі шетелдік мейманға Шығыстың әсем табиғаты, туристерді қызықтыратын Катонқарағай, Зайсан, Ұлан аудандарында орналасқан Берел қорғаны, Патшалар жазығы, Ақбауыр ескерткіші, Шіліктідегі алтын адам табылған ежелгі өркениеттің бірегей жәдігерлері туралы да айтып берді.

Өз кезегінде елші Витаутас Наудужас Қазақстан – Литва үшін әріптестік тұрғысында жақын мемлекет екенін жеткізді. Екі елдің арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас сонау 1992 жылдың 15 маусымынан бастау алған. Биыл 25 жыл толмақ. 2014 жылдан бері елімізде елшілік қызметін атқарып жүрген Витаутас Наудужас сөз арасында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл толғанын да атап өтіп, ширек ғасыр ішінде ел азаматтарында егемендік рухы қалыптасқанын, өздерін еркін сезінетіндіктерін анық байқағанын атап өтті.

– Шығыс Қазақстанның аумағына 5 Литваны еркін сыйғызуға болады екен. Келген бетте бірінші көзімізге басылғаны қаланың көк шалғынға малынып тұрғаны болды. Ал біз өндіріс пен зауыттарды елестетіп келіп едік. Өскеменнің Сол жағалауында орналасқан этноауылда болдық. Ішін түгел араладық. Алған әсерімізді айтып жеткізу қиын. Сұрастырып отырсақ, Қазақстандағы бірегей қорық-мұражай кешеннің даңқы тіпті, алыс-жақын шетелге де мәлім екен. Оның басшысы Николай Зайцев өз ісіне жан-тәнімен берілген жан екен. Шығыс Қазақстан бізді өндірісімен де, табиғатымен де шынымен тәнті етуде, - деді Витаутас Наудужас.

Сонымен бірге елші Литвада көптеген қазақстандық студенттер білім алып жатқанын, олардың дипломы әлемдік стандартқа сай екенін де айтып өтті. Өз кезегінде келесі жылдан бастап литвалық студенттерге де Шығысқа келіп, атом саласында білім алуға мүмкіндік бар.

Дәурен Аллабергенұлы




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив