KZ
Өскемен
+16°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, ОШ
471.83 505.66 5.4

24 оқушы қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша еліміздегі кез келген ЖОО-да тегін білім алатын болды

2.05.2017, 18:00 183



Дәстүрлі Қанипа Бітібаева олимпиадасының республикалық кезеңі мәресіне жетті. Нәтижесінде 24 оқушы қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша еліміздің кез келген жоғары оқу орнында тегін оқуға мүмкіндік алды.

Алтайдың өр төсінде қазақтың Хан апасы – Қанипа Бітібаева көзін ашқан қасиетті тұма бар. Қазақ әдебиетін тереңдете оқытудың теңдессіз сүрлеуін салып, оны педагогикалық айналымға енгізіп кеткен ұстаздың мұрасы бүгінде мұғалім қауымы үшін мәңгі лайланбайтын тасбұлақтай қастерлі. Өткен аптада сол тұмадан еліміздің барлық өңірінен іріктелген 204 талантты оқушы сусындап қайтты.

Олимпиада екі кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде үміткерлер өзіне бұйырған тақырыпта эссе жазып, қазақ тілінің құнарын бойына қаншалықты мол сіңіргенін көрсетіп бақты. Ал екінші кезеңде көзі қарақты қазылар алқасының алдында ауызша сын тапсырды. Қазылар демекші, олимпиада қарсаңында үздіктердің үздігін филология ғылымдарының докторы, жерлесіміз Фаузия Оразбаева бастап, Хан апаның шәкірті, ақын Жанат Әскербекқызы қостаған танымал мамандар анықтады.

Үш күнге созылған сайыстан оқушылардың алған әсері де ерекше. Абай бастаған әдебиет алыптарын дүниеге әкелген қасиетті мекенді көздерімен көріп, ауасымен тыныстағанына шығармашыл жастар дән риза.

Олимпиаданы қорытындылаған қазылар алқасының төрайымы Фаузия Оразбаева бұл білім додасы жыл сайын қанатын кеңге жайып, үміткерлердің деңгейі өсіп келе жатқанын атады.

– Өткен жылы бұл олимпиадаға 186 үміткер қатысса, биыл 204 бала бақ сынады. Қанипа апаларыңыз қазақ әдебеиетіндегі ірі тұлғалардың әрқайсына жеке бағдарлама арнап кеткен. Осындай жанкешті қайраткер ұстаздың еңбегін ұмытпай, осы шараны республикалық олимпиадалр тізіміне енгізіп, жыл сайын жоғары деңгейде өтуіне ықпал етіп отырған «Дарын» ғылыми-практикалық орталығына алғыс айтуымыз керек. Осы олимпиадаға қатысу арқылы сіздер әдебиет өлкесінің туын көтерген үлкен әскер қатарына қосылдыңыздар. Ең негізгі жеңіс осы, – деді ол.

Жүлдеге ілінген 53 оқушының 24-і 11 сынып оқушылары болды. Бұлардың барлығына еліміздегі кез келген жоғары оқу орнында қазақ филологиясы мамандығына мемлекеттік грант бойынша оқуға мүмкіндік берілді.




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив