KZ
Өскемен
+16°
облачно с прояснениями жел 5 м/с, СБ
480.11 532.25 5.14

Ұстаз - тағдыр, ұстаз - ғұмыр

2.10.2014, 18:00 330



Осынау жүрек тебірентетін ойлы сөз 45 жыл ғұмырын киелі де күрделі мамандық - ұстаздық жолға арнаған аты аңызға айналған, қазақ педагогикасының ірі тұлғасы, есімі кешегі Одаққа танымал жаңашыл ұстаз, қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің майталман шебері Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның өмірлік ұстанымы еді. Өміріндегі бар асылы болған, қасиет санаған мұғалім мамандығы ұстаздыңтағдырына, ғұмырына айналғанын өмір жолына көз жіберіп отырғанда байқауға болады. Кеше ғана арамызда өр тұлғасымен, сұлу да сымбатты тұрпатымен, кесек те өткір сөздерімен, ешкімге ұқсамайтын дара келбетімен жасындай жарқырап жүрген ұстазымыздың мезгілсіз дүниеден өтуі - бүкіл халқының қабырғасын қайыстырды. Сан мыңдаған шәкірттеріне ауыр қайғы болып тиді. Мәуелі алып бәйтерек құлап, өзінің туған жері Барқытбел Тарбағатайы, өр Алтайы, Қара Ертісі жылап, саясынан пана іздеген артындақазақтың қара баласы қалды.

Бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа, халықтың баласына арнаған, жүрегі «халқым» деп соққаннағыз патриот, ұлтжанды, ұлт ұстазына айналған Қанипа Омарғалиқызындай адам жүз жылда бір туатын шығар?.. Өмірінің соңғы сағатына дейін мектепте бала оқытып, республиканың түкпір-түкпірінен ағылып келіп жатқан мұғалімдерге кеңес беріп, өзінің ғылыми-әдістемелік лабораториясындағы қыруар жұмыстарды атқара жүріп, қаншама оқулықтар, оқу құралдары мен оқу-әдістемелік құралдарын жазып қалдырған жанкешті еңбегін айтып жеткізу мүмкін емес еді. Қырық алтыға жуық кітап жазды. Республикалық бірнеше ғылыми-әдістемелік журналдардың ақылдастар алқасының мүшесі болды. Өзінің атаулы зертханасы ғылыми-әдістемелік лабораториясы негізінде Астана қаласындағы № 64 мектеп-гимназияда, облыстағы жеті мектепте филиалдары жұмыс істеп, олармен қызу жұмыстар жүргізді.

Ұстаздың соңғы жазған кітабы «Егіз өрім» таяуда ғана «Жазушы» баспасынан шықты. Бұл кітапта ғасырға жуық ұстаздық ұзақ еңбек жолын ой елегінен өткізіп, тәлімі мол терең пікірлерін шәкірттерімен егіз өре отырып ортаға салады. Педагогикалық эссе үлгісімен шәкірттеріне арнап жазған кітаптың алғысөзінде ұстаз былай деген екен: «Бес жылсыз жарты ғасыр... Сәби кезімнен армандаған ұстаздық, Бақытым, Бағым, Шыққан биігім, Асқан асуым болды. Жаратқан ием мөлшерлеп қана беретін «қамшының сабындай» ғұмырым халық баласының ортасында өтіпті, бала әлемінде өтіпті. Бұл әлем менің атымды аңызға айналдырды, әсіресе пенделік тағдырымның жоғын білдіртпеді, сәбилер періштесі қос қанатына мінгізіп, педагогика көкжиегіне еркін шарықтатты», - дейді. Осы сөзінен ұстаз тағдырын, ұстаз ғұмырын айқын тануға болады. Ұстазөз ғұмырының қысқа болатынын болжағандай 45 жыл деп меңзеуін түсінбеуіміз өкініш туғызып, өзегімізді өртейді. Қанипа апайдың 45 минуттық сабағы 45 жылдық ұстаздық еңбек жолына айналғаны, яғни ұстаздықтан даналыққа аяқ басқаны кітаптың өн бойынан байқалады.

Аяулы ұстазымыз білім іздеп ауылдан келген қазақтың қарапайым балалары, бізге туған тіліміз бен әдебиетіміздің құдіретін түсіндіріп, рухани құндылықтарымызды бойымызға сіңіріп, адамдық биік қасиеттерге тәрбиеледі. Әдебиет сабағын өнер сабағы, тәрбие сабағы ретінде өткізетін ұстаз сыныптағы бар баланың жүрегін «әдебиет» деп соқтырды. Әр сабағында ақ жаңбыр болып жауатын, арнасына сыймай жыр болып шашылатын ұстаз әдебиет әлеміне ғашық етті. Әдебиет сабағын әр алуан ғып қызықтыра өткізіп, Абай, Мағжан, Мұхтар болып ұлылармен сырластыратын. Алғаш 7 сыныпта ұстаздың алдына келгенімізде «Кім болам?» деген тақырыпта шығарма алғанда бірде-бір оқушы мұғалім боламын деп жазбаған еді. Оқу жылының аяғында қайтадан осы тақырыпта шығарма алғанда сыныптағы барлық оқушы:«Қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі боламыз», - деп жазған едік. Мұғалімнің тікелей әсерінен әдебиетке деген қызығушылығымыз артып, 25 оқушының жиырмасы кейін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығының иесі болдық.

1988-89 жылдары түлектердің көбі қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімінен гөрі юрист, экономист мамандығына баратын еді. Ол кезде қазақ тілі мен әдебиеті ешкімге керексіз болған тұста Қанипа апай жаппай бүкіл сыныпты сол мамандыққа даярлап отырды. Алтын белгімен бітірген оқушылардың бәрі де қазақ тілі мен әдебиетін таңдады. Кейін мұғалім болған шәкірттерін өзінің соңынан ертті. Бұл мұғалімнің ерен еңбегінің жемісі мен ерекше құдіретінің белгісі екенін мойындаймыз. Кеңес өкіметі тұсында қазақ тілінің мүшкіл кезінде туған тілі үшін күресіп, қарапайым қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің мәртебесін көтерді.

Екі сөздің басын қоса алмай, шығарма жаза алмай келген балалар Қанипа апайдан оқыған соң ақын, жазушы, сөзге шешен, сөз өнеріне бейім болып шығатын. Қазіргі күні республиканың әр жерінде ұстаздың ақын, жазушы, журналист, ғалым, суретші, әнші, өнерпаз шәкірттері жүр. Басқа салалардағы инженер, металлург т.б. мамандық иелері болған шәкірттерінің өзі жүректері әдебиет деп соғатын, сөз өнеріне жуық адамдар болып келеді.

Киелі мұғалім мамандығын құрметтеген асқақтық пен өрлік, ірілік пен ізгілік, қайсарлық пен өткірлік, қажыр мен жігер, кесектік пен кішілік бір бойынан табылған ешкімге ұқсамайтын Ұлы Ұстаздың дара тұлғасымен ерен еңбегі мәңгі тарихта қалмақ. Ұстаз мамандығын бар жанымен жақсы көріп, бар ғұмырын халық баласына арнаған «Дәуірдің дара ұстазы» атанған «Қазақтың Қанипасы» халқының жүрегінде мәңгі сақталады.

Айжан Картаева шәкірті,
филология ғылымдарының докторы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив