ШҚО-да абаттандырудың жаңа ережелері бекітілді
Фото: редакция мұрағатынан
Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Шығыс Қазақстан облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру қағидалары бекітілді. Онда бұрын регламенттелмеген тармақтар пайда болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Енгізілген жаңа тармақтардың бірі құдық люктеріне қатысты. Енді құдықтардың қақпағы мен торлары ашық немесе сынған болса, онда қызмет көрсетуші ұйым ақау анықталғаннан кейін бір сағаттың ішінде ол орынды қоршап, бес сағат ішінде мәселені шешуі тиіс.
Автотұрақтар аумағында квартал ішіндегі және аула ішіндегі өту жолдарында темірбетон блоктарды, бағандарды, қоршауларды және басқа да құрылыстарды өз бетімен орнатуға болмайды.
Сондай-ақ, ережеде жеке және көппәтерлі тұрғын үйлерді, балаларға арналған, спорт және контейнерлік алаңдарды ұстау шарттары жазылған. Жазғы және қысқы кезеңде қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру жұмыстарының тәртібі нақты белгіленген.
Ережелердің орындалуын полиция қадағалайтын болады.