KZ
Өскемен
+19°
пасмурно жел 6 м/с, В
472.57 508.34 5.4

Орманшылардың жалақысы өсті

Фото: egemen.kz

2.07.2024, 10:01 60 Айжанат Бақытқызы

1 шілдеден бастап еліміздегі орман шаруашылығы және табиғатты қорғау мекемелерінің қызметкерлері лауазымдық жалақыларына үстемақы ала бастайды. Тиісті қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлайды Altainews.kz cайты Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Орман және табиғатты қорғау ұйымдары қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесін, шарттары мен мөлшерлерін жетілдіру мақсатында «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын ұйымдардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Үкімет қаулысына өзгерістер енгізілді.

Құжатқа сәйкес, орман өрт сөндіру бекеттерінің, орман шаруашылығы мекемелерінің, қоршаған ортаны қорғау және орман орналастыру ұйымдарының қызметкерлері лауазымдық жалақыларына 100 пайызға дейін өсімақы алады. Олардың қатарында орман өрт сөндірушілері, өрт сөндіру көлігі жүргізушілері, тракторшылар, радио операторлар, өрт сөндіру машиналарын, жабдықтар мен аппараттарды жөндеу жөніндегі шеберлер, өрт бақылау мұнараларының бақылаушылары бар.

Сондай-ақ 113 десанттық өрт сөндірушінің еңбекақысы көтеріледі.

Қаулыны іске асыруға 2024-2027 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 8,4 млрд. теңге сомасында қаржылық шығындар көзделген. Барлығы 3,3 мыңға жуық жұмысшы қосымша төлеммен қамтылады.

Жергілікті бюджет есебінен жергілікті атқарушы органдардың орман шаруашылығы мекемелерінің және орман өрт сөндіру бекеттерінің 1619 қызметкеріне қосымша төлемдерді қаржыландыру жоспарлануда.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив