«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалында облыс әкімі Даниал Ахметов тұрғындарды қабылдады.
Қала тұрғыны Рафаэль Бекшентаев қабылдауға жағымды жаңалықпен келіпті. Оның ата-анасы Ирина және Жәнібек Бекшентаевтар Америка Құрама Штаттарында оқып жүріп, жол апатынан қаза тапқан ұлдарының бала кезгі арманын орындау үшін облыс орталығындағы №11 мектептің артқы ауласынан экстрималды спорт алаңын салып шыққан екен.
Пәтер мен саяжайды, астарындағы көлікті сатып, бұл жобаны іске асырған отбасы енді нысанды әкімдік балансына қайтарымсыз негізде табыстамақ.
-Біз ол үшін ешқандай қаржы да сұрап отырған жоқпыз. Ең бастысы, інімнен бір естелік қалса екен. Ол бала кезінен скейтбордингпен қатты әуестенді. Бірақ арнайы орын болмаған соң үнемі тәуекел үстінде жүретін. Қазір де өскемендік жеткіншектердің орталық алаңда тәуекелге барып жүргенін көріп жүрміз. Бір жағынан осы спортқа әуес балалардың қауіпсіз жерде жаттыққанын қаладық, - дейді Рафаэль.
25 млн. теңгеге салынған бұл нысан ашық аспан астында тұрғандықтан, қымбат қондырғылар жел мен жаңбырға желінетін көрінеді. Сол себепті Рафаэль аймақ басшысынан нысанды жабық кешенге айналдыруға көмектесуін өтінді. Ол үшін арнайы жоба әзірлеп, сметасын да түзген екен. Облыс басшысы нысанның төбесін жабуға қаржы бөлінетінін, бірақ парк жан-жағы тұмшаланған, қыста жылытылатын кешен болмайтынын ескертті. Сондай-ақ, ол дәл осы жобамен Семейде де скейтпарк салуды облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Елдос Чикеновке тапсырды.
Бұл құрылыстарға Р.Бекшентаев та атсалысатын болады. Р.Бекшентаев жуықта скейтпарктың ашылу салтанаты болатынын айтып, Павлодар, Қарағанды, Астана, Алматы, Қостанай, Риддер, Семей қалаларының қатысуымен экстрималды спорт түрлерінен ел біріншілігін өткізуге қолдау керектігін жеткізді.
-Сіздердің бұл бастамаларыңыз маған ұнап отыр. Арамызда осындай ізгі ниетті адамдардың бар болғаны көңіл қуантады. Экстрималды спорт әлемдік әуестікке айналып барады. Сондықтан бастамаларыңызды толығымен қолдаймыз, - деді аймақ басшысы.
Есімжан Нақтыбайұлы