KZ
Өскемен
+1°
переменная облачность Штиль
481.19 538.45 5.18

Аймақ басшысы православтарды Рождество мерекесімен құттықтады

6.01.2016, 18:00 136


Қаңтардың 6-нан 7-не қараған түні Өскемен қаласындағы Стрелка шағын ауданында орналасқан православтардың Қасиетті Андрей храмында Рождество мерекесіне арналған құлшылық ету рәсімі өткізілді. Шіркеу ішіне жиналған шаһар тұрғындарының әрбірі шырақ жағып, дұға қылып жатты.

Иса пайғамбардың туған күні құрметіне арналған мерекеге аймақ басшысы Даниал АХМЕТОВ пен қала әкімі Темірбек Қасымжанов келіп, қатысты. Салтанатты шараны Өскемен және Семей Епархиясының епископы Амфилохий ашты. Одан соң облыс Әкімі құттықтау сөз сөйледі.

– Құрметті өскемендіктер, қала қонақтары! Сіздерді осынау тамаша мереке Рождество күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл бейбітшілікті, достықты, жасампаздықты, өмірдің өзін бейнелейтін, жарқын болашаққа деген сенімді үміттің мейрамы. Православ шіркеуі Рождествоны барлық мерекелердің анасы деп тектен тек санамайды. Бұған дейін тазаруды, сынақтан өтуді мақсат еткен қырық күндік ауыз бекіту болды және әрбір сенімі бар адам жеті маңызды қадам жасауға тиіс болды. Бұл – бірінші кезекте қайырымдылық жасау. Біздер кембағал, науқас жандарға көмек қолын созуға міндеттіміз. Жалпы, мен ізгілікті істерді күнделікті үзбей істеп отыру керек деп ойлаймын. Аталмыш мейрам баршамызды татуластыққа, кешірімді болуға шақырады. Қазіргі кезде әлемнің түкпір-түкпірінде соғыс өрті лаулап, мыңдаған адамдар мерт болуда, сондықтан кешірімділікке адамдар ғана емес, мемлекеттер де мұқтаж. Бүгін мұнда жас балалардың көптеп келуі мені ерекше қуантты. Бұл мәдениеттің, діннің, тарихтың сабақтастығын көрсетеді.

Қадірменді жерлестер, мен облыс басшылығы атынан сіздерді осы бір жарқын мейраммен тағы бір мәрте құттықтаймын! Сіздерге ең бастысы денсаулық, игілік, ал қоғамымызға бейбітшілік, келісім мен тұрақтылық тілеймін. Мерекелеріңізбен! – деді аймақ басшысы.

Облысы әкімі жуырда қазақстандықтар ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы кең көлемде мерекеленетін 2016 жылдың басталғанын атап өткенін айтты. Халықтың жасампаз еңбегінің арқасында егемен еліміз толағай табыстарға қол жеткізді. Біздің мемлекет дүние жүзінде алғашқы болып ядролық полигонды жауып, қауіпті қарудың көзін жойды, ал ең бастысы ұлтаралық және дінааралық ккелісімнің бірегей жүйесін қалыптастырды. Қазақ елі бүкіл жер-жаһанға ел тұрғындарының өзара достығы мен құрметін, ауызбіршілігін паш етті. Мұның бәрі де «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясында көрініс тапқан.

Елбасымыздың салиқалы саясатының нәтижесінде көпұлтты Қазақстанда ислам және христиан діндері үйлесім тауып отыр. Ұлт көшбасышысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ еліміздегі барлық ұлттар мен ұлыстардың достығын күшейту үшін қолдан келер шараларды атқаруда. Президент осыдан алты жыл бұрын өз Жарлығымен мұсылмандардың Құрбан айты мен православтардың Рождествосын мемлекеттік мереке ретінде жариялады.

Даниал АХМЕТОВ бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан аумағында шамамен 130 ұлттың өкілдері тұратынын, облыс басшылығы тарапынан олардың бейбіт өмір сүруі үшін барлық мүмкіндіктер жасалып жатқанын да атап өтті. Әр ұлт өз салт-дәстүрін, ділі мен дінін сақтау құқығына ие болу үшін этно-мәдени бірлестіктер құрылған. Олардың жалпы саны жүзден асады. Жыл сайын аймақта жаңадан мешіттер мен шіркеулер ашылуда.

«Бүкіл Қазақстан халқы дініне, тіліне қарамастан Рождество мерекесін біркісідей тойлайды» деген Өскемен және Семей Епархиясының епископы Амфилохий осында жиналған қауымды құттықтауға арнайы келген облыс әкіміне барша православ христиандарының атынан ризашылығын білдіріп, оған Мәскеу және Бүкіл Русь патриархы Кирилдің және өзінің Рождестволық жолдауын табыс етті. Амфилохий өз сөзінде Өскемендегі Троицк храмының қайта жөндеуден өткенін атап көрсетті. Бұрындары қаусап тұрған аталмыш ғибадат үйі қазір көркіне көз тоймайтын еңселі ғимаратқа айналған.
Кеше күндіз Қасиетті Андрей храмының алаңында мерекелік шаралар өз жалғасын тапты. Сақылдаған сары аязға қарамастан алаңға келген көпшіліктің қарасы көп болды. Бұл жерде рождестволық тағамдар көрмесі қойылып, қаладағы этнографиялық ансамбльдердің, этномәдени бірлестіктер мен ардагерлер ұйымдары өнерпаздарының қатысуымен концерт болды. Спорттық ойындар ойналып, мерекелік сауда ұйымдастырылды.
Бүгінгі таңда облысымызда 310 діни бірлестік пен олардың филиалдары тіркелген. Олардың қарамағында 269 ғибадат нысаны бар.

Мемлекет пен конфессиялардың арасындағы және конфессияаралық қарым-қатынастарды нығайту мақсатында облыстың діни бірлестіктерімен байланыстар жөніндегі кеңес, діни бірлестіктер басшыларының клубы жұмыс атқарады. Клуб отырыстарында діни бірлестіктер басшылары заңнамадағы өзгерістер туралы ақпарат алады.

Ержан Әбіш




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив