Әлемдегі он компанияның 4-еуі Қазақстанда АЭС салуға дайын
Шығыс Қазақстанда жұмыс сапарымен жүрген Парламент Мәжілісінің депутаты Лұқбек Тумашинов Шемонаиха ауданының тұрғындарымен кездесіп, елімізде АЭС салудың артықшылықтары туралы айтып берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аудандық Мәдениет үйінде өткен кездесуде белгілі болғандай, АЭС құнының 40 пайызына дейінгі көлемі қауіпсіздік жүйелеріне кетеді екен. Бұл стансаны сыртқы және ішкі әсерлерге барынша төзімді етуге мүмкіндік береді.
Айта кетейік, жалпыхалықтық референдум қарсаңында ұйымдастырылған кездесуге АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық және өңірлік халықтық штабтың өкілдері қатысып, стратегиялық маңызға ие жобаның жалпы мемлекет үшін де, әрбір азамат үшін де ұтымды тұсы көп екенін айтты.
"Республика аумағында мұндай стансаны салып, іске қосу арқылы басқа елдерден энергияға қатысты тәуелділіктен арыламыз. Оның үстіне электр энергиясының бағасын өз бетінше реттеуге мүмкіндік туады. Бұған тұрақтылық пен қауіпсіздікті қосыңыз", - деді Лұқбек Тумашинов.
Атом саласы сарапшыларының айтуынша, АЭС құнының 40 пайызына дейін заманауи қауіпсіздік жүйелерін орнатуға жұмсалады. Олар төтенше жағдайдың алдын алады, тіпті станция қуатсыз қалса да, апатқа жол бермейтіндей етіп ойластырылған.
Тағы бір айта кетер жайт, нысанды салу үшін МАГАТЭ-нің рұқсатын алу қажет.
"Сарапшылар Қазақстанға бірнеше мәрте келіп қайтқан болатын. Олар біздің елімізде атом электр стансасын салуға барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Егер алдағы референдумда халқымыз қолдау білдірсе, онда станса бой көтеретін жер де анықталып қойды. Ол Алматы облысында, Балқаш көлінің маңында салынады деп болжануда. Бұл - өте ауқымды да күрделі жоба. Оның құрылысы 12 жылға дейін созылуы мүмкін", - деп түсіндірді Үлбі металлургия зауыты ғылыми орталығының бастығы, физика-математика ғылымдарының докторы Манарбек Қылышқанов.
Айтпақшы, әлемде АЭС тұрғызуға құқығы бар онға жуық компания бар болса, оның төртеуі Қазақстанда станса салуға дайын екендіктерін аңғартқан.
Олар - Корея Республикасы, Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы және Францияның кәсіпорындары.
Нұржан Кенжеұлы