KZ
Өскемен
-1°
пасмурно жел 3 м/с, СБ
487.37 532.94 5.09

Көшпенділер ойыны: Ұлттық спортқа қызығушылық артты

30.09.2024, 19:00 849 Ержан Әбіш

8-13 қыркүйек аралығында Астанада өткен 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 89 елден 2500-ден астам спортшы қатысты. Бұл шара еліміз үшін ғана емес, бүкіл этноспорт әлемі үшін де жылдың басты оқиғаларының бірі болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыру дирекциясының басшысы Наиль Нұров атап өткендей, Қазақстанда Ойындарды өткізудің негізгі мақсаты – ұлттық спорт түрлерін дамытып, ұлттық спорттық дәстүрлерді жаңғырту.

 

– Біз бұл мерекені қазақстандықтар мен шетелдік қонақтар үшін ұйымдастырдық. Басты міндетімізге қол жеткіздік – өскелең ұрпақтың ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылығын арттыра алдық және халқымыздың бай мәдениетін көрсеттік. Бүгінде облыстық спорт басқармаларының телефон желілері көкпар, бәйге және басқа да ұлттық спорт түрлеріне қатысуға ниет білдірген балалардың ата-аналарының қоңырауларынан босамай жатыр. Көшпенділер ойындарының чемпиондарын – көкпаршылар мен балуандарды көшеде танитын болды. Олар – жастарымызға үлгі боларлық қарапайым, бірақ ел намысын қорғап жүрген спортшылар, – деді Наиль Нұров.

Ойындардан кейін елде балалар мен жастардың ұлттық спорт түрлеріне қызығушылығы күрт өсті. Өңірлерде ұлттық спорт түрлері секцияларына қатысуға ниет білдірушілердің қатары көбейді. 

– Біздің орталық биылғы мамыр айынан бері жұмыс істейді, бірақ балалардың қызығушылығы дәл Көшпенділер ойындарынан кейін күрт артты. Қыркүйектің өзінде ұлттық спорт секцияларына 50-ден астам адам жазылды. Біз тоғызқұмалақ, құсбегілік, қазақ күресі бойынша қосымша топтар аштық. Қараша айында дәстүрлі садақ ату секциясын іске қосу жоспарымызда, – деді Алматы қаласындағы клуб жетекшісі Нұрлан Оспанов.

Өңірлерде ұлттық спорт түрлерімен айналысқысы келетіндердің саны күрт өскен. 

– Ойындар аяқталғаннан бері екі аптаға жуық уақыт өтті. Соған қарамастан біз әлі де қазақстандықтар мен шетелдік қатысушылардан кері байланыс алып жатырмыз. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары көшпенділер өркениетінің бай мұрасын көрсетіп қана қоймай, шетелдік қонақтарды қазақ мәдениеті, ұлттық тағамдары және ұлттық спорт түрлерімен таныстыруға мүмкіндік берді. Мұндай іс-шаралар Қазақстан үшін ұлттық болмысымызды сақтауға және дұрыс ұлттық идеологияны қалыптастыруға қажет, – деді Наиль Нұров.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Ойындар кезінде тек Астананың өзінде eQonaq жүйесі арқылы 12,5 мың шетелдік турист тіркелген. Қазіргі уақытта Дүниежүзілік көшпенділер ойындары еліміздің экономикасына шамамен 300 миллион теңге кіріс әкелді. Дегенмен, нақты сандарды шағын және орта кәсіпорындар салық есептерін тапсырғаннан кейін білуге болады. 

– Алдын ала болжам жасағанамыздай, 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына Қазақстаннан, жақын және алыс шетелден 100 000-ға жуық турист қатысады деп күткен едік. Алайда, жарыстар мен этноауыл аумағын және ғылыми конференцияны 250 000-нан астам елорда тұрғындары мен қонақтары тамашалады, – деді Дирекция басшысы. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив