KZ
Өскемен
+26°
небольшая облачность жел 3 м/с, З
{m-rates-USD} {m-rates-EUR} {m-rates-RUB}

Бастауыш сынып мұғалімдеріне басымдық беріледі

27.09.2015, 18:00 147



Өскемен қаласында тұңғыш рет «Менің алғашқы ұстазым» атты бастауыш сынып мұғалімдерінің облыстық форумы өтті. Республика көлемінде ұйымдастырылған акция «Ең жақсы - мұғалімге» ұранымен айшықталды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Кез келген адамның жадында әліппені жаттатқызып, қолына қалам ұстатқан алғашқы ұстазының бейнесі мәңгілік жатталып қалады. Ойын баласының жаңа өмірге бейімделуі, келешекте оның қандай азамат болып қалыптасуы ең алдымен тұңғыш мұғалімінің тұлғасымен тығыз байланысты. Сол кісінің балғынның бойына сепкен білім дәні мен көрсеткен өнегесі оның өмірлік жолсерігіне айналады. Бастауыш сынып мұғалімдерінің бала көңілдері әр оқушының жан дүниесін нұрландырып, жүрегіне шапағат нұрын құяды. Бүгінгі форумның басты мақсаты осындай абыройлы міндетті атқарып жүрген жандарға ерекше құрмет көрсетіп, олардың жеткіншектердің жеке тұлғасын қалыптастырудағы рөлін айшықтап, бастауыш сынып мұғалімдерінің мәртебесін асыру болды.

Жиналғандарды құттықтаған облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнұр Сұлтанова бүгінгі таңда педагогтардың алдында жаңартылған стандарттармен білім беру міндеті тұрғанын айтты.

- Облыс көлемінде төрт мыңнан астам бастауыш сынып мұғалімі қызмет істейді. Бастауыш және орта білім стандарттарын, білім беру бағдарламалары мен оқу әдістемелерін жаңартуда Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін орта білім беру жүйесіне белсендірек енгізуге, педагогикалық кадрлардың кәсіби шеберліктері мен біліктіліктерін жетілдіре түсуге басты назар аударылмақ, - деді Айнұр Сұлтанова.

Біздің облыста бастауыш білім берудегі жаңа стандарттарды апробациялау қанатқақты жобасына Өскемендегі №39 орта мектеп пен Көкпекті ауданындағы Абай атындағы шағын мектеп-балабақша қатысуда. Бұл білім ошақтарында 2015 жылдың 1-қыркүйегінен бастап жаңартылған мазмұндағы білім бағдарламалары, типтік оқу жоспарлары, оқулықтар мен оқыту-әдістемелік кешендері қолданыла бастады. Бұл тәжірибені өмірге енгізу үшін бастауыш сынып мұғалімдері мен пәндік мұғалімдер жаңартылған мазмұн бағдарламасы бойынша арнайы дайындықтан өтіпті.

С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті білім және менеджмент кафедрасының доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты Наталья Бенеш бастауыш сынып мұғалімдерінің аз даярланатынына алаңдаушылық білдірді. Қазіргі бастауыш сыныптарға сабақ беретін мұғалімдердің орташа жасы қырық бестен асыпты. Ертең олар зейнеткерлік жасына жеткеннен кейін олардың орнын басатын жастар жоқтың қасы. Кафедра доцентінің айтуынша, бүгінде мұғалім мамандығын таңдайтындардың саны күрт азайып кеткен, университет екі-үш топ қана даярлап шығарады екен.

- Енді бес жылдан кейін мектеп табалдырығын тұңғыш аттаған бөбектерді кімнің қолына тапсырамыз? Осы жәйтті қазірден ойлауымыз керек. Өкінішке орай, қазіргі таңда ЖОО мен мектеп арасындағы сабақтастық жоғалған. Шәкірттерін үлкен өмірге ұшыратын әрбір білім ошағы ертең бізге кімдер қайтып келеді деп ойлануы керек. Мұғалім мамандығына деген құрметті ұстаздары шәкірттерінің бойына бала кезден дарытса,- деген ойымен бөлісті Наталья Бенеш.

Форумда ардагер ұстаз, педагогика саласы еңбек ардагерлері кеңесінің төрайымы Мәкен Рахимова жас мұғалімдерге ұстаздық қызметтің қыр-сырынан сыр шертіп, жұмыстарына табыс тіледі.

Басқосуда отыз жылдық тәжірибесі бар, Зайсан ауданы Айнабұлақ орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Жанна Әміржанова мұғалімдердің бүгінгі күн талабына сай бейімделіп, жандары жаңашылдыққа құштар болуы қажеттігін ортаға салды. Кембридж бағдарламасы бойынша үшінші кезеңді ойдағыдай тәмамдаған ұстаз өзінің жұмыс істеу әдісінің керемет өзгергенін айтады. «Мағжан Жұмабаев «ескі біліміңді жаңа біліммен жалғастыру керек» деген болатын. Ұстаз өз білімін әрқашан жетілдіріп отырғанда ғана жаңа белестерге жетеді» дейді зайсандық педагог.

Жиында облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнұр Сұлтанова мен облыстық білім қызметкерлері кәсіподағы ұйымының төрайымы Назгүл Қасенова жиналғандарды келе жатқан төл мерекелерімен құттықтап, қызметтерінде ерекше көзге түскен үздік бастауыш сынып мұғалімдері облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталарымен марапаттады.

Айна Ескенқызы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив