Шілдеде «Өскемен Водоканал» мен Риддер ЖЭО-ның тарифтері көтеріледі
Фото: azh.kz
1-шілдеден бастап Өскемендегі «Өскемен Водоканал» МКК мен Риддер ЖЭО-ның қызмет көрсету тарифтері өседі. Аталған қызмет көрсетушілердің жаңа тарифі бір жылға - келесі жылдың шілде айына дейін бекітілмек. Нақты қанша пайызға өсетіні әзірге белгісіз.
Мамыр айында екі мекеме ҚР ҰЭМ табиғи монополияларды реттеу комитетінің ШҚО бойынша Департаментіне инвестициялық бағдарламалары мен тарифтік сметаларын өзгертуге өз өтінімдерін түсірген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Брифингте Риддер ЖЭО-ның өкілі орталықтың ағымдағы тарифі Сатпаев, Рудный, Өскемен қалаларындағы ыстық су мен жылу тарифтеріне қарағанда анағұрлым төмен екендігін айтты. Мысалы, Риддер ЖЭО-ның жылумен қамту тарифі шаршы метріне 46, 85 теңге болса, Рудныйда - 204,16 теңге, Сатпаев қаласында - 100, 22 теңге, Өскеменде - 99, 39 теңге болып отыр. Ыстық судың тарифі де аталған қалалардағыдан әлдеқайда төмен көрінеді.
Сонымен қатар Риддер ЖЭО-да жұмысшы мамандары тапшы, олардың жалақысы да төмен екен.
Елімізде электрмен жабдықтау желілерінің үштен екісі, жылу коммуникацияларының 57 пайызы және су құбыры желілерінің жартысына жуығы тозған. Мұның бәріне тарифтерді мәжбүрлеп ұстап тұру жағдайлары да үлкен әсер етіп келеді. Тозған желілер кезекті өшірулерге, түрлі апаттық жағдайлардың туындауына әкеліп соғуда.
Осыған байланысты, Мемлекет басшысы өз жолдауында коммуналдық инфрақұрылымның тозу көрсеткіштерін төмендету және табиғи монополиялар саласындағы қызметкерлердің жалақы деңгейін арттыру үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласына инвестициялар тартуды көздейтін «Тарифті инвестицияларға айырбастау» жаңа тарифтік саясатына көшуді тапсырған болатын.
«Өскемен Водоканал» кәсіпорнының басшылығы да тарифті өзгертуге желілердің тозу көрсеткіштерін төмендету, қызметкерлердің жалақы деңгейін көтеру, Жаңа Өскемен бастоғанын балансқа беру сияқты инвестициялық бағдарламалар негіз болып отырғандығын мәлім етті. Кәсіпорынның Өскемендегі суық сумен қамту желілерінің тозуын төмендетуге бағытталған қосымша инвестициясының жалпы сомасы 858 млн теңгені құрап, осылайша, ескі желілерді жөндеуге жұмсалатын қаржы екі млрд теңгеге дейін өсірілмек.