Өскеменде волейболдан ел чемпионаты өтіп жатыр
Өскеменде тағы бір доп додасы басталды. Бүгін қаладағы Денешынықтыру-сауықтыру кешенінде волейболдан 2010-2011 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы республикалық жазғы чемпионаттың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұл жолғы ала доп бәсекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен 18 команда, 250-ден астам жас волейболшы жиналды. Жалпы, елімізде мұндай жарыстар жылына төрт мәрте – қыста, көктемде, жаз бен күзде өткізіледі екен. Бұл туралы жарыстың басы-қасында жүрген Жоғары санаттағы ұлттық төреші Болатбек Даумовтан білдік.
Маман бір аптаға созылатын биылғы жарыстың басты фавориттері қатарына Жетісу, Қызылорда облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының командалары қосты. Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысы құрамасының да аяқ алысы жаман емес. Жарыс аясындағы алғашқы екі кездесуін маңғыстаулық және қызылжарлық қарсыластарымен өткізген біздің жас волейболшылар екі ойында да 3:0 есебімен сенімді жеңіске жетті.
Айта кетейік, чемпионатқа қатысатын командалар төрт топқа бөлінген. Осы топтық кезеңде топ жарған командалар плей-офқа жолдама алып, жүлделі орындарды сарапқа салатын болады. Сондай-ақ, жарыс қорытындысы бойынша әр позициядағы үздік ойыншылар анықталып, ел құрамасының негізін қалайды. Бұл құрама биылғы күзде өтетін Орталық Азия чемпионаты мен Азия біріншілігіне қатысады деп күтілуде.