KZ
Өскемен
+16°
облачно с прояснениями жел 7 м/с, СБ
441.66 475.14 4.86

Суретшілердің Халықаралық плэнері өткізілді

12.08.2015, 18:00 162



2015 жылғы 12 тамыз күні Шығыс Қазақстан өнер мұражайында суретшілердің бірінші Халықаралық плэнерінің қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы өткізілді.

2-12 тамыз аралығында Шығыс Қазақстан өнер мұражайы ШҚО мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен Абай Құнанбаевтың 170 жылдығы мен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Менің Қазақстаным» атты Бірінші Халықаралық суретшілер плэнерін өткізді. Ол - биылғы жылдың желтоқсан айында Шығыс Қазақстан өнер мұражайының залдарында өткізілетін үлкен көрмеге алдынала дайындық.

Пленэр көптен бері байқау көрмелеріне әзірліктің белсенді де пәрменді формасына айналып үлгірген. 2010 жылғы жазда алғаш рет бір күндік екі плэнер өткізілген еді. Оның біреуі Өскемен қаласы маңындағы Ақбауыр шатқалында өткізілді. Ол - неолит дәуірі мәдениетінің бірегей ескерткіші, астроархеологиялық кешен, әлі де ашылмаған құпиялары көп көне заманның ғылым ордасы. Екінші плэнер Бұқтырма су қоймасының әсем жағалауындағы «Алтайская бухта» демалыс базасында өткізілді.

Пленэрлер қорытындысы бойынша мұражайда этюдтер көрмесі өткізілді: мұражайға келушілер суретшілердің жұмыстарын сүйсіне тамашаласа, ал қылқалам шеберлерінің өздері әріптестерінің «ішкі жан-дүниесіне үңілуге» мүмкіндік алды. Көрмеге қойылған көптеген этюдтер одан кейінгі байқау шығармаларына негіз болды. 2013 жылғы 24-29 маусымда дәстүрлі «Менің Қазақстаным - IV» байқауы аясында Катонқарағай ауданында кезекті облыстық плэнер өткізілді. Ол ұйымдастыру шараларының барлығын өз мойындарына алған Катонқарағай аудандық әкімдігінің әріптестік қолдауымен өтті. Біздің плэнер бір күндік акциялар деңгейінен кешенді экспедицияға айналды.

Биылғы плэнердің мақсаты - мемлекетаралық және ҚР облыстары арасындағы ынтымақтастық қарым-қатынасты нығайту, ШҚО шығармашылық қуатын насихаттау, ТМД елдерінің мәдени кеңістігінде ШҚО имиджін көтеру, суретшілердің кәсіби деңгейін арттыру. Бірлескен шығармашылық ортақ тақырыпта жұмыс істейтін суретшілерді жақындастырады, шығармашылық үрдісті белсендірек ете түседі, оның әлеуметтік маңызын арттыра түседі.

Биылғы жылы плэнер тағы бір сатыға көтерілді, оның мәдени кеңістігінің ауқымы кеңейе түсті: оның жұмысына Якутск (Россия), Барнаул (Россия), Алматы (ҚР), Павлодар (ҚР), Өскемен (ҚР), Семей (ҚР) қалаларының суретшілері қатысты.

Пленэрдің шығармашылық кураторы «Қазақстан Республикасының Суретшілер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, профессор, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері бойынша ҚР Ұлттық комиссиясының мүшесі Өмірбеков Байтұрсын Есжанұлы болды.

Пленэр Ұлан ауданының «Коктау» демалыс базасында ашылып, суретшілер 7 күн бойы плэнерде сурет салды. Содан кейін Якутск, Барнаул, Алматы, Павлодар қалаларынан келген суретшілер тарихи және көрікті жерлерімен танысу үшін Абай ауданына сапарға шықты. Олар Семей қаласы мен Қарауыл ауылында, Жидебайдағы Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени, әдеби-мемориалдық қорық-мұражайында, Невзоровтар отбасы атындағы ШҚ бейнелеу өнері мұражайында, Ф.М.Достоевскийдің әдеби-мемориалдық мұражайында болып, тамашалады, өнер адамының шабытын шалқытар тамаша әсер алды.

Баспасөз конференциясына қатысқан өнер сүйер қауым мен қалалық, облыстық және республикалық БАҚ өкілдері пленэр туралы бейнефильмді тамашалап, оған белсене қатысқан қылқалам шеберлері мен өнертанушыларға сауалдарын қойып, сұхбаттар алды. Соңынан мұражай залдарындағы өткізілген Халықаралық плэнердің қорытындысын әйгілейтін этюдтер көрмесін аралап, тамашалады.

А.Қасымов, ШҚ өнер мұражайының қызметкері
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив