«Машзауыт» ЖШС спортзалында кәсіпкерлікті дамыту институттарының арасында шағын футболдан қайырымдылық турнир өтті, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
«Parasat Consulting» ЖШС-нің мұрындық болуымен өткен турнирде Шығыс Қазақстан облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының, «Даму» қоры мен өңірлік кәсіпкерлер палатасының, облыстық мамандандырылған жасөспірімдер үйінің командалары бақтарын сынасты. Ата-ананың қамқорлығынсыз өскен жеткіншектерді спортқа тартып, бизнеске баулуды мақсат еткен турнир Семейде де жалғасын табады деп күтілуде.
- Біз бұл шара арқылы көмекке мұқтаж жандардың өмірін бизнеспен байланыстыруына алғышарт жасауға тырыстық. «Мұқтажға балық ұстатқанша, қармақ бер» дейтін даналықты ескеріп, қайырымдылық шараның сипатын өзгешелеу ойластырған едік. Ондағы мақсатымыз жеткіншектерге кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың артықшылықтарын түсіндіріп, тиісті орындармен байланыс орнатуына ықпал ету еді. Бұл турнир ата-ана тәрбиесі мен қорғауынсыз қалған жастарға тиісті институттар тарапынан қолдау көрсетудің бір парасы ғана. Шара арқылы қоғам арасында кәсіпкерлік мәдениетті насихаттауды да көздедік, - дейді «Parasat Consulting» ЖШС-нің тәуелсіз директоры Саят Есенғожанов.
Турнир соңында интернат тәрбиеленушілеріне кәсіпкерлікпен айналысуға көмекші ақпараттар ұсынылды. Атап айтқанда, өңірлік кәсіпкерлер палатасы 100 бизнесжоба жинағын ұсынса, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры бизнесті мемлекеттік қолдау жөнінде буклеттер таратты. Аталмыш жинақта дайын бизнес-жоспарлардан бөлек мемлекеттік бағдарламаларға қалай қатысып, қандай құжаттар тапсыру керектігі жөнінде нұсқаулықтар, республика бойынша 2015 жылға жоспарланған мемлекеттік сатып алулар тізімі енгізілген. Ал «Parasat Consulting» ЖШС бизнеске қатысты заманауи әдебиеттер ұсынып, кез келген іскерлік сұрақтар бойынша кеңес алуға мүмкіндік беретін сертификаттар табыстады.
Есімжан Нақтыбайұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz