KZ
Өскемен
+4°
туман Штиль
478.93 534.96 5.16

Бос жатқан жерлерді кәдеге жарату қажет

10.09.2014, 18:00 137



Шығыс Қазақстан облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен селекторлық кеңесте өңірдегі ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу жұмыстарының нәтижелері талқыға салынды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сай егістік алқаптар мен шабындықтарды, жайылымдарды тиімді пайдалану, іске аспай жатқан жерлерді анықтап, түгендеу бағытындағы жұмыстар 2011 жылдан бастау алған-ды. Атап айтсақ, ел Президенті атқарушы органдарға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді барынша тиімді пайдалануға қол жеткізу міндетін қойған болатын. Сол себепті аудан-қала әкімдіктерінің, салалық басқарма басшыларының қазіргі негізгі жұмысы қараусыз жатқан егістіктерді, шабындықтар мен жайылымдарды анықтау болып отыр. Яғни, жер шаруалардың қажеттілігі үшін жұмыс істеуі қажет.

- Жер телімдерін түгендеу ісі облысымызда осыдан төрт жыл бұрын басталған болатын. Жыл сайын біз егістік алқаптарын кем дегенде 75-80 мың гектарға ұлғайтып келеміз. Десек те, пайдаланылмай жатқан жерлер әлі де баршылық. Ауыл тұрғындары мал жаятын, шөп шабатын телімдердің жоқ екенін айтып жиі шағымданады. Жеке тұрғын үй салу үшін жер бөлуге өтініш білдіріп жүрген азаматтар да аз емес. Сондықтан, осы бағыттағы жұмысты ширатып, бос жатқан учаскелерді кәдеге жаратқан жөн, - деді жиында аймақ басшысы.

Шығыс Қазақстан облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Қонысбай Төлеубековтің мәліметінше, соңғы екі жылда жүргізілген түгендеудің нәтижесінде 857 мың гектар пайдаланылмай жатқан жер телімдері анықталыпты. Ал 418 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Бұл шаралардың көбі сот процестері арқылы іске асқанын да атап өткен орынды. Қазірдің өзінде сот органдарында 28 мың гектар жерді мемлекет қарамағына қайтаруға бағытталған материалдар қаралу үстінде.

Жиын барысында құрылыс саласының өзекті мәселелері де сөз болды. Құрылыс жұмыстарының белгіленген кестеден кешігуі, осының салдарынан нысандардың дер кезінде іске қосылмауы алаңдаушылық туғызып отыр. Әсіресе, балабақша, мектеп, аурухана сынды әлеуметтік мақсаттағы ғимараттардың салыну қарқыны көңіл көншітпейді.

Бүгінгі таңда жауапсыз мердігерлердің істері сотта қарастырылуда, бірқатарына қатысты айыптау үкімі де шығарылған. Алайда, құрылыс компаниясы басшылығының жауапқа тартылуы мәселені түбегейлі шешпейді. Уақыттың көбі осылай соттасумен өтуде, ал нысандар құрылысы қаңтарылып тұр.

Ержан Әбіш
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив