KZ
Өскемен
+18°
пасмурно жел 2 м/с, ОБ
477.45 527.1 5.24

Өңдеуші кәсіпорынның ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу шығыны субсидияланады – ШҚО

14.08.2024, 14:02 221 Нұржан Кенжеұлы

Шығыс Қазақстандағы өңдеуші кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу шығындары субсидияланатын болады. Бұл туралы бүгін облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында белгілі болды.

Сессияда 2024-2026 жылдарға арналған облыс бюджетіне өзгерістер енгізу мәселесі қаралған болатын, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Фархад Белбеевтің айтуынша, ағымдағы жылға арналған бюджет параметрлерін нақтылауға қаражатты басым бағыттарға қайта бөлу іс-шаралары негіз болған. Мәселен, өңірде мал шаруашылығы саласындағы қайта өңдеуші кәсіпорындардың ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеу мақсатындағы сатып алу шығындары субсидияланады. Бұл мақсатқа 298,8 миллион теңге мөлшеріндегі қаражат қарастырылған.

Қайта бөлінген қаражаттың бір бөлігі денсаулық сақтау мен білім нысандарын күрделі жөндеуге бағытталады. Айта кетейік, қазір бұл бағытта біршама жұмыс атқарылуда. Сонымен бірге жаңадан құрылған облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы қызметкерлерінің еңбекақы қоры мен материалдық-техникалық базасын қалыптастыру, көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік тұрғыдан осал топтары үшін тұрғын үй сатып алу, қалалар мен аудандардағы инфрақұрылымдық жобаларды аяқтау сияқты бағыттарға қаражат жұмсалатын болады.

Мәслихат сессиясына қатысқан облыс әкімі Ермек Көшербаев биыл су тасқынына қарсы іс-шараларға қосымша қаражат бөлгенін атап өтті. Бұл көктемгі су тасқынының салдарын азайтып, жоюға мүмкіндік берді. Сондай-ақ қазір өңірде ықтимал өрттің алдын алуға бағытталған жұмыстар да қызып тұр. Аталмыш жұмыстар да қосымша қаражат талап етуі мүмкін.

Мәслихат депутаттары облыстық бюджетке өзгерістер енгізу туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив