Үш мыңнан астам көше шамы жөнделді – ШҚО
фото: depositphotos.com
Жыл басынан бері Өскемендегі 3 200-ге жуық көше шамы қалпына келтірілді. Осылайша, қысқа уақыттың ішінде мамандар шамдардың басым көпшілігін жөндеп үлгерген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы облыс орталығында көшелерді жарықтандыру жүйесін жаңғырту жұмыстары басталған болатын. Бұл жұмысқа Everlight Electronics Co. компаниясы жауапты еді. Алайда аталмыш компания өзіне жүктелген міндеттемелерді ойдағыдай орындай алмады. Компанияның орнатқан шамдары көп уақыт өтпей жатып істен шыға бастады. Биылғы маусым айында компанияға келісімшартты бұзу және айыппұл төлеу туралы шағым жолданды. Ал көше жарығын қалпына келтіру жұмыстары Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік-жекеменшік әріптестік өңірлік орталығына сеніп тапсырылды.
Белгілі болғандай, енді 800-ге жуық шамды жөндеу қажет. Бұл жұмысты алдағы оқу жылына дейін аяқтау жоспарлануда. Жиында облыс әкімі қаладағы барлық білім ордасының маңындағы көше шамдары 1 қыркүйекте істеп тұруы керек екенін айтып, құзырлы органдарға бұл жөнінде тапсырмалар берді.