Зейнеткерлікке шыққан Берді Баймұрат ШҚО Күршім ауданы, Боран ауылында қаз өсіруді қолға алды, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.
Кәсіп ашуды көздеген қандасымыз былтыр «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 2 млн. теңге несиеге қол жеткізді. Осыған дейін Күршім өңірінде қаз өсіруді ешкім қолға алмағандықтан, Берді Баймұрат әрқайсысы 1200 теңгеден бір мың қаздың балапанын сатып алған. Олардың 230-ы шығынға ұшырағанымен, 870 балапанды күтіп-баптап, күздігүні сатылымға шығарды.
Шаруа қожалығының иесі енді 200 аналық қаздың жұмыртқаларын инкубаторға салып, балапан шығаруды көздеп отыр. Кәсіпкер құстарына азықты да өзі дайындайды. Суармалы егіс алқабының 20 гектарына бидай, тағы 20 гектарына жүгері өсіреді. Ендігі мақсат - қаздың санын 10 мыңға жеткізу. Осылайша қаз балапандарын жергілікті жерде өсіріп, көбейтіп, үлкен ферма ашуды қолға алмақ. Бүгінгі таңда қаз еті сұранысқа ие болғандықтан, кәсібінің кеңеюіне Берді Баймұрат сенімді. Егер жоспарлары жүзеге асып жатса, екі-үш мүгедек жанды жұмыспен қамтуды да ойластырып қойыпты.
Мерей Қайнарұлы
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz